Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң байланыс желілерін тарту, азаматтарды төтенше жағдай қаупі туралы шұғыл хабардар ету, төтенше жағдай енгізу тетіктерін жетілдіреді, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тауар тасымалын қадағалау үшін көліктің барлық түріне навигациялық пломбалар орнату тәртібін енгізеді (қазіргі кезде пломбалар жүк тасымалдайтын автокөліктерге орнатылады).
Бұл нормативтік құжат басқару орталығы Қазақстаннан тысқары жерде орналасқан байланыс желілерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін елге жабдық әкелуге тыйым салады.
Сонымен қатар Заңда антифрод-тетігі енгізілді. Оның аясында интернет-алаяқтыққа және қаржы ұйымдарын заңға қайшы мақсаттарда пайдалануға қарсы шара қолданылады.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметін автоматтандыруға, соның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара қарым-қатынасты жолға қоюға арналған денсаулық сақтау интеграциялық платформасының жұмысына қатысты мәселелер реттелді.
▪️Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік тарифтерін беру жөнінде байланыс операторларына қосымша міндеттемелер белгілеу құзыретіне ие болды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.