Өзбекстан Президентінің айтуынша, референдум нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформаларға Қазақстан халқы зор сенім артатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысы қолдау білдіріп, халықаралық ұйымдар құрамында Өзбекстаннан байқаушылар миссиясын жібергені үшін Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция заман талабына сай келетініне, сондай-ақ мемлекеттің орнықты және жан-жақты дамуын қамтамасыз ететініне назар аударды. Елімізде жүргізілетін алдағы жаңғыртулар кезінде халықаралық серіктестермен, әсіресе, көршілес және одақтас елдермен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беріледі.
Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-өзбек қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ бұған дейін қол жеткізілген келісімдер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес шешімдерінің іске асырылу барысына оң баға беріп, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласты.
Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулердің кестесін пысықтады.