Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның Өңірлік экологиялық саммит пен жиынның күн тәртібін әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы геосаяси тұрақсыздық белең алған шақта климат өзгерісі, қоршаған ортаның нашарлауы және су ресурстарының тапшылығы секілді қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру өте өзекті екеніне тоқталды.

– Қазақстанның тиімді әрі көпжақты дипломатияны қолдайтынын жақсы білесіздер. Қарабайыр күш халықаралық құқыққа үстемдік етіп отырған, геосаяси ахуал ушыға түскен құбылмалы кезеңде сіздермен жолығып отырмыз. Кеше осы күрделі мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндадым. Халықаралық қоғамдастық мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде бірлесе шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыра алатын БҰҰ-ның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды. Осы орайда Ұйымның тиімділігі мен беделін көтеруге арналған Бас хатшының UN80 бағдарламасын қолдайтынын тағы да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ делегациясының мүшелеріне елімізде әділетті әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.

БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қазақстан Президенті пленарлық отырыста мазмұнды баяндама жасағанын оң бағалады. Олардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген идеялар пікірталасқа негіз болып, Қазақстанның бастамалары өзекті екенін көрсетті.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысына өздері жетекшілік етіп отырған ұйымдардың қызметі және климат, су қауіпсіздігі, апаттардың қаупін азайту, азық-түлік тұрақтылығы бағыттарында жүзеге асырып жатқан жобалары жайында мәлімет берді.

Әңгімелесу барысында Қазақстанның жаһандық бастамаларына айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын көтергенін жеткізіп, Алматыда ашылған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталығы өңірлік ықпалдастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді.

Президент Қазақстан орнықты даму, тұрақтылық пен өркендеу жолында БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі дамыта беретінін растады.

Кездесуге БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Сюй, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, БҰҰ Бас хатшысының апаттар қаупін азайту жөніндегі арнаулы өкілі және БҰҰ апаттар қаупін азайту жөніндегі басқарма басшысы Камал Кишор, Дүниежүзілік метеорология ұйымының Бас хатшысы Селеста Сауло, Климат өзгерісі бойынша сарапшылардың үкіметаралық тобының төрағасы Джим Скеа, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бас директорының орынбасары – Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Виорел Гуцу қатысты.