Жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асатын арнайы автокөліктердің біріне компьютерлік томограф, екіншісіне цифрлық маммограф пен сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылған. Жылжымалы кешендер, ең алдымен, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қорының өзара ынтымақтастығы өңірдегі бірқатар әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік беріп келеді. Қазіргі таңда қор облыста жалпы құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруда. Оның 9-ы денсаулық сақтау саласына арналған.

Бірлескен жобалар аясында сирек кездесетін ауруларға шалдыққан азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, онкологиялық науқастарды емдеу, балалар нейрохирургиясын қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағыттарында маңызды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар ерте араласу және оңалту орталықтарының мүмкіндігі кеңейтіліп, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар қажетті құралдармен жабдықталды.

Қордың қолдауымен ауылдардағы тірек мектептер мен арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, балалар мен жастарға арналған спорт инфрақұрылымын дамытуға да жағдай жасалды.