Мемлекет басшысы шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Астанаға жасаған сапарының тарихи маңызын атап өтті. Оның аясында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берген маңызды құжаттарға қол қойылған еді.
– Өзара ынтымақтастығымыз шын мәнінде сан қырлы сипатқа ие және көптеген бағытты қамтиды. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысты ілгерілету үшін күш жұмылдыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент пен Абу Дабидің Тақ мұрагері энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларында табысты іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Аталған бастамалар экономикалық ықпалдастықты жандандырып, өзара сауда-саттық көлемін арттыруға септігін тигізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға жылы лебізін жолдап, оның Қазақстанға сапармен келуін күтетінін айтты.