Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту бойынша нақты міндеттер қойды.

Министр атап өткендей, Президент ұсынған бастамалар елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған реформалардың мұқият зерделенген бағдарламасы болып табылады.

«Атап айтқанда, еліміздің Конституциясына 30-дан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, сондай-ақ жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылданады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді», - деді Ә.Қуантыров.

Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар.

«Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру көзделеді, сондай-ақ, халықтың пікірін ескере отырып, Қапшағай қаласын қайта атау мәселесі пысықталуда. Мемлекет басшысының Жарлығын дайындау жөніндегі жол картасы және оны іске асыру жөніндегі Ұйымдастыру шараларының жоспары әзірленеді», - деді министр.

Бұл құжаттарда әкімшілік-аумақтық қайта құруларға байланысты мынадай барлық қажетті іс-шаралар: облыстар мен елдімекендерді атау мәселелерін қоса алғанда, облыстарды және олардың шекараларын бөлу туралы қажетті Жарлықтарын және Үкімет қаулыларын әзірлеу және қабылдау; жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің штат санындағы өзгерістер; коммуналдық меншікті беру және қабылдау; заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу; жаңадан құрылған облыстарда мемлекеттік органдар құру жинақталатын болады.

«Бұл облыстардың құрылуы тек осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді», - деді ҰЭМ басшысы.

Бұдан басқа, Украинада болып жатқан оқиғалар аясында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың жұмысы жолға қойылды. Көлік және логистика, инфрақұрылым, сауда және қаржылық орнықтылық бойынша жұмыс топтары ұйымдастырылды.

 «Жұмыс топтарының өзара іс-қимылының белгілі бір алгоритміне сәйкес қазіргі оқиғалардың сыртқы экономикалық жағдайға салдарын күнделікті мониторингілеу негізінде еліміздің экономикасына олардың ықпалының сценарийлері әзірленуде. Осы ақпарат негізінде жедел ден қою шаралары әзірленеді», - деді Ә.Қуантыров.

Ұлттық экономика министрлігі Дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды бастады. Қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік органдармен нақты ұсыныстар пысықталуда.

«Жолдауды тиімді іске асыру үшін Министрліктің жұмысы бюрократияны болдырмау және нәтижеге бағдарлану қағидаттарында жүргізіледі», - деді Ұлттық экономика министрі.