Майдан авиациясының болашақ ұшқыштары бұл жолы 2021 жылғы наурызда оқу-авиациялық орталыққа әкелінген Aero L-39 Albatros ұшақтарының жаңартылған нұсқасында дайындалатын болады.
Курсанттар тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен ұшу, биіктікті бағындыру, 300 км/сағ жылдамдықпен шеңбер жасап ұшу және қону сияқты ұшу техникаларын меңгереді.
- Ұшақтың бұл түрімен дайындық кезінде тәжірибесі мол ұшқыш-нұсқаушылар теориялық білімдерімізді ұшу дағдыларына жетілдіруге көмектеседі. Ұшу элементтерін өз бетінше орындау өз қабілетімізге деген сенімділікті арттырып, болашақта жетістіктерге жетуге ынталандырады, – деп атап өтті 4 курс курсанты Диас Шәменов.
Курсанттар әскери тағылымдама кезеңінде іс жүзінде ұшуды орындаудан өзге ұшу жұмысын реттейтін құжаттарды, ерекше жағдайдағы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықтарды зерделейді.
Мұндай ұшу тәжірибесі жоғары оқу орнын бітірушілерді оқытудың маңызды кезеңі болып табылады. Сондай-ақ, бұл тәжірибелер 2022 жылғы мамырдың соңына дейін жалғасады. Әскери оқу орнын бітірген кезде жас әскери ұшқыштардың ұшу тәжірибесі 80 сағаттан асатын болады.