Телекоммуникациялар саласындағы нарыққа кіру кедергілерінің санын қысқарту және мемлекет тарапынан шектен тыс реттеуді азайту жөніндегі шаралар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанындағы Телекоммуникациялар саласындағы бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің алаңында әзірленетін болады.
Мемлекет басшысының негізгі тауар нарықтарын монополиясыздандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін 2022 жылғы 18 наурызда құрылған Кеңеске қатысушылар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің, «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК, «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «КаР-тел» ЖШС, «Алма ТВ» АҚ, «Jusan Mobile» АҚ, Қазақстанның ұлттық телекоммуникациялық қауымдастығының басшылары, консультанттар болды.
Кеңестің қарауына жалпы ұсыныстарды және оларды шешу жөніндегі нақты шараларды әзірлеу үшін телекоммуникациялар нарығындағы негізгі проблемалар шығарылатын болады. Кеңес дайындаған шешімдер үкіметтік Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның қарауына жіберілетін болады.
2022 жылғы сәуірде жоспарланып отырған Кеңестің бірінші отырысында Кәбілдік кәрізге қол жеткізу қағидаларын өзгерту жолымен табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа кәбілдік кәрізді салу кезінде заңнамалық деңгейде бірнеше байланыс операторларын қосу мүмкіндігін құру мәселелері қаралатын болады.
Қазіргі кезде елдегі кәбілдік кәріздің негізгі бөлігі «Қазақтелеком» АҚ-ның теңгерімінде және оның пайдалануында тұр. Басқа телекомуникациялық компаниялар кәбілдік кәрізге қол жеткізу және техникалық шарттарды берумен байланысты өздерінің байланыс желілерін тарту кезінде қиындықтарға тап болады. Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ нарықта елеулі үлеске ие бола отырып, халыққа «соңғы миль» ретінде Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсынуға дайын басқа да байланыс операторларының дамуын шектейді.
Өз тарапынан «Қазақтелеком» АҚ Кеңестің жұмысына белсенді қатысуға ниет білдірді.
Бұдан басқа, ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, конкурс арқылы ұялы операторлардың бірін ("Кселл" АҚ немесе "МТС" ЖШС) бәсекелестік ортаға шығаруды, сондай-ақ аралас тауар нарықтарында "Қазақтелеком" АҚ қызметін шектеуді қоса алғанда, телекоммуникация нарығын монополиясыздандыру бойынша мәселелерді пысықтау жоспарлануда.