ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қатысушылар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес алдымен СК "Фармация" Бірыңғай дистрибьюторының 2021 жылғы қызметі туралы есеп тыңдалды.
Өз сөзінде "СК-Фармация" ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Қоғамдық кеңес мүшелерін бірыңғай дистрибьютордың қызметін жетілдіру бойынша қабылданған шаралармен таныстырды. Атап айтқанда, ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, логистика және IT-технологиялар саласындағы сарапшылардың қатысуымен әзірленген "СК-Фармация" қайта жүктеу бағдарламасы шеңберіндегі жобалардың іске асырылуы туралы хабардар етті.
"СК-Фармация" ЖШС алдына қойылған міндеттердің бірі - отандық әзірлемелерді қолдау және бәсекеге қабілетті фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту.
Е.Есқалиевтің мәліметінше, отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау шеңберінде ұзақ мерзімді шарттар арқылы сатып алу көлемі ұлғаюда және болжамдар бойынша 2025 жылға қарай қолданыстағы шарттарды ескере отырып, бірыңғай дистрибьюторды сатып алудағы ТӨЖ үлесі ақшалай мәнде шамамен 50% - ды құрайды.
Фармацевтикалық кластерлерді дамыту үшін салаға Бигфарма 50 ірі ойыншыларын тарту, отандық R&D орталықтарын дамыту, сондай-ақ еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда жаңа өндірістерді өрістету үлкен ынталандыру болады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, дәрі-дәрмектерді жоспарлау және есепке алу мәселелері қозғалды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында "СК-Фармация" ЖШС базасында медициналық техниканы сатып алуды екі кезеңде орталықтандыруды жүзеге асыру жоспарлануда.
Рәсімдерді орталықтандыру медициналық техниканы сатып алуды жоспарлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, қажетті медициналық жабдықпен жарақтану деңгейін арттыруға, сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендіру есебінен оның құнын төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету мен кадрларды оқыту сапасы, медициналық техника нарығындағы отандық тауар өндірушілердің үлесі артуы тиіс.
Басқарма басшысы атап өткендей, ауқымды шаралар қабылданған тағы бір бағыт - Бірыңғай дистрибьютор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жақсарту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қоғамдық маңызды мәселелері бойынша ашықтықты қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғамның пікірін білдіру алаңы ретінде "СҚ-Фармация" қоғамдық жұмыс тобы құрылды.