Қаланы жақсартып, халыққа жайлы етуге бағытталған тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары биыл 8-маусымға дейін қабылданып, 11- маусымнан ең өзекті және қызықты жобаларға дауыс беру басталады. 

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Берекелі бастама – городская инициатива" бағдарламасын іске асыруға және ел қалаларын дамыту жоспарларына арналған дөңгелек үстел жиыны барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді.

Вице-министр, сондай-ақ budget-uchastiya.kz порталында Ақтау мен Атырауды дамыту бойынша ұсыныстар жинау 1-сәуірде аяқталғанын айтты. ҚР ИИДМ Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асыратын "Берекелі бастама – Городская инициатива" жобасының сайтында екі қала бойынша 98 ұсыныс жарияланған. Ақтау мен Атырау тұрғындарының үздік жобаларына 2022 жылғы 4 сәуір мен 4 мамыр аралығында дауыс беруге болады.

Қауымдастық төрағасы Ерлан Әукеновтың айтуынша, қазіргі уақытта бағдарламаға еліміздегі өзге де қалаларды қосу жұмыстары жүргізілуде. Ақтау, Атырау және Павлодардан кейін тізімде Шымкент, Рудный, Ақсу және Хромтау тұр.

"Кез-келген адам сайтқа кіріп, есептік жазбасын толтырып, қаланы таңдап, өз идеясын ұсына алады. Бастамалар қала дамуының кез келген саласына қатысты болуы мүмкін, яғни жол қозғалысын ұйымдастыру, аулаларды, саябақтарды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, көшелерді абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу және т.б. Белгіленген күннен кейін ұсыныстарды жинау тоқтатылып, жобаларға дауыс беріледі. Қалалар бағдарламаға түрлі уақытта қосылатындықтан, идеяларды қабылдау және дауыс беру мерзімі де әртүрлі. Ең көп дауыс жинаған жобалар іске асыру үшін тиісті органдарға жіберіледі",-дейді урбанист.

Естеріңізге сала кетейік, «Берекелі бастама – Городская инициатива» бағдарламасы биыл қаңтар айында Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған халыққа ыңғайлы қалалық кеңістік құру және өңірлерді дамыту туралы міндетін іске асыру аясында қолға алынды.

ҚР ИИДМ бағдарламаны іске асыру барысында өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту және қалаларды жоспарлауды трансформациялау урабанист-мамандар мен халық пікірін ескере отырып атқарылатынын жариялады.

"Біз әрбір азамат өз қаласын дамытуға қатыса алуы үшін халық пен мемлекет арасындағы диалогқа баса назар аударуымыз керек. Осы мақсатта "Берекелі бастама" порталын іске қосамыз. Қалаларды өзгерту бойынша түпкілікті шешімдер халықтың дауыс беру қорытындысы бойынша қабылданады", - деп уәде берді министр Қайырбек Өскенбаев.