Қалалық емхананың стационары 33 төсектік, күн сайын 1000-нан астам пациентті қабылдайды. Емханада 106 дәрігер және 281 орта буын медицина қызметкері, 46 кіші медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
Министр қабылдауға жазудан бастап рецепт бойынша дәрі-дәрмек алуға дейінгі пациенттер маршрутының электрондық жүйесімен танысты. Әрі қарай Ажар Ғиният емделушілердің оңалту емі, оның ішінде постковидті оңалту өтетін кабинеттердің жабдықталуын тексерді.
Емхана директоры Асхат Өтебаевтың айтуынша, мұнда клиникалық хаттама аясында физиотерапия, ингаляция, массаж, кинезиотерапия сияқты медициналық қызметтердің барлық спектрі ұсынылған.
Сонымен қатар, министр балалар скринингінен өту жағдайларына, кадрлар мен жабдықтардың болуына қызығушылық танытты.
Министр емхана дәрігерлерімен әңгіме барысында Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары білікті медициналық кадрларды шығаруға және нарық қажеттіліктерін болжауға, барлық деңгейдегі медицина қызметкерлері үшін лайықты еңбек жағдайларын жасауға бағытталған кадр саясаты туралы айтты.
Сондай-ақ, министр көпбейінді облыстық ауруханаға барып, онда шұғыл пациенттерді қабылдау жағдайларын, реанимациялық блок пен КТ-мен жабдықталған диагностикалық бөлімшені, тамыр аурулары бар науқастарға эндоваскулярлық операциялар жүргізуге арналған ангиографиялық қондырғыны қарап шықты. Тек өткен жылы осы жабдықтың көмегімен инсульт алған пациенттерге 500-ден астам операция жасалды.
Ажар Ғиният өңірдің дәрі-дәрмек нарығындағы жағдайды зерттеу үшін тағы екі нысанды аралады. Бұл облыс орталығындағы әлеуметтік дәріхана және "Аманат" компаниясының ірі дәрілік препараттар қоймасы.
Фармкомпанияның басшысының айтуынша, қоймада 6 мыңнан астам дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры сақталған, тапшылық байқалмайды, дәрі-дәрмектерді елден тыс жерлерде жаппай сатып алу және қайта экспорттауда ешқандай проблемалар жоқ.
Министр дәрі-дәрмектерді қабылдау және сақтау жағдайларын, дәрі-дәрмектерді босатудың электрондық жүйесін қарап шықты, сондай-ақ жеткізушілерді ассортимент бойынша да, баға саясаты тұрғысынан да халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында тұрақтылықты сақтауға шақырды.