15 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысы шаруаларының көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысын тексеруді жалғастырды.
Ведомство басшысы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен өткен өңірдің тауар өндірушілерімен өткен жиынға қатысты. Жиналғандар агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көктемгі дала жұмыстарының барысы, түйткілді мәселелер мен шаруалардың ұсыныстарын талқылады.
Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы еліміздің аграрлық өңірлерінің бірі болып табылатынын, осыған байланысты көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 760 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр, бұл бұрынғыға қарағанда 9,2 мың гектарға артық.
Ведомство басшысы фермерлерге әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан АӨК дамыту бойынша дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шаралар туралы хабарлады.
Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы 310,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 79,7 млрд теңге, мал шаруашылығына - 100,8 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге - 8,4 млрд теңге, қаржы құралдарына - 120,4 млрд теңге.
"Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бөлінген қаражатқа қосымша 298,1 млрд теңге бағытталады, яғни биыл біздің фермерлерге бұрын - соңды болмаған қолдау шаралары көрсетіледі", - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Инвестициялық субсидиялауға - 43 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға - 34,9 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға - 24,5 млрд теңге қосымша қаражат бағытталады.
Өсімдік шаруашылығында пестицидтердің құнын субсидиялауға 10,3 млрд теңге, бағаның өсуін ескере отырып, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 11,6 млрд теңге бағытталады. Әлеуметтік нан өндірісіне астықты субсидиялауға 9,3 млрд теңге бөлінеді. Қарақұмық және майлы дақылдар құнын арзандатуға 5,6 млрд теңге бөлінеді.Қосымша қаражат ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға, фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталады.
Сонымен қатар, көкөністер мен қант қызылшасын өндіру және қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға 8,3 млрд теңге бөлінеді.
Жұмыртқа бағытындағы өнеркәсіптік құс шаруашылығы субъектілерін субсидиялауға 6,5 млрд теңге бөлінеді.
"Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындарын шағын несиелендіруге 40,0 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бағдарламада 5-7 жыл мерзімге 6 пайызбен шағын несие беру қарастырылған. 10 мың жұмыс орны құрылады", - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, кеңес барысында өңірдің тауар өндірушілері өз сауалдарын қойып, проблемалық мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын қолдау, агрохимзертханалардың қызметі, пилоттық жоба аясында облыста құрылған кооперативтерді қолдау, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.
Өз кезегінде, Ербол Қарашөкеев жиын қорытындысы бойынша министрлік барлық айтылған ұсыныстармен ескертпелерді назарға алатындығын және ортақ күш-жігермен өткір проблемалардың ұтымды шешімін табуға ат салысатынын жеткізді.
Сондай-ақ, ведомство басшысы Жамбыл ауданындағы "Қызыл-Дихан" өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен кездесіп, сумен қамтамасыз ету объектілерінің құрылысын, жайылымдық жерлердің болуын, арзандатылған жем-шөп жеткізуді, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарының өзекті мәселелерін талқылады. Министрге ауыл шаруашылығы техникасы, егістікті суаруға арналған суару жүйелері көрсетілді, сондай-ақ егіс барысы туралы хабардар етілді.
Облыстың құс өсірушілері де назардан тыс қалған жоқ. Министр "Аса Даму" құс фабрикасына барып, өндірістік циклмен, заманауи жабдықтармен және даму жоспарларымен танысты.
Жамбыл облысы бойынша жұмыс сапары осымен қорытындыланды. Министр өңірлер бойынша сапарларын жалғастырады деп күтілуде. Оның басты назарында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу болады.