Кездесу барысында Елші «Чогие» орденінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың атынан 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін VII Съездің жұмысына қатысуға ресми шақыру хатты табыс етті.
Қазақстандық дипломат алдағы Съезге қатысушылардың жоғары мәртебесін атап өтіп, қазіргі уақытта Рим Папасы Францискті қоса алғанда, әлемдік діндердің 70 көшбасшысы қатысуын растағанын хабарлады.
Б. Дүйсенбаев корей тарапын елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ қоғамды демократияландыруға бағытталған мемлекет басшылығының үлкен саяси реформаларының барысы туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, құрметті монах Вон Хен екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы тамыздағы Корея Республикасына мемлекеттік сапары кезінде генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтарғаны үшін зор алғысын білдірді.
Кездесу соңында «Чогие» орденінің Президенті корей тарапының алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуға жоғары қызығушылығын білдірді.
Корей буддизмінің «Чогие» ордені — корей буддизмінің 1700 жылдық дәстүрін мұра еткен Кореяның ең ірі буддалық ордені. Орденнің қарамағында 3000-нан астам ғибадатхана, соның ішінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген Хэинса және Пульгукса ғибадатханалары бар.