25 сәуірде АҚДМ Басшысы Асқар Омаров Алматы медиа қоғамдастығы өкілдерімен медиа заңнаманы қайта қарастыру мәселелерін талқылау бойынша жұмыс кездесуін өткізді.
Шараға баспа басылымдарының, телеарналардың және интернет-ресурстардың басшылары қатысты.
Министр өз сөзінде, Президенттің Жолдауы аясында ведомство алдына салалық заңнаманы қайта қарастыру міндеті қойылғанын атап өтті.
Жалпы талқылау барысында медиа заңнаманы қайта қарастырудың бірқатар тетіктері жөніндегі жалпы түсінік айқындалды.
Сонымен қатар, Министр кездесуге қатысушыларды өз ұсыныстарын енгізуге және заң жобасын әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта министрлікке азаматтар мен ұйымдардан заңнаманы қайта қарастыру бойынша ұсыныстар келіп түсуде.
Сонымен қатар, 25 сәуірде Алматы қаласында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, этно бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары және белсенді жастар қатысты.
Кездесу барысында этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жаңғырту мәселелері талқыланды.
Министр өз сөзінде аталған жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында атқарылатынын және аталмыш құжатта бірқатар саяси өзгерістер көрініс тапқанын жеткізді.
«Саяси өзгерістер мемлекетті басқару процесіне азаматтарды кеңінен тартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл, өз кезегінде, қуатты парламенттік мәдениеті мен ықпалды халық қалаулылары бар жаңа Қазақстанның негізі болмақ. Сонымен қатар, партиялық жүйе үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі, сайлау заңнамасы жетілдіріліп, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлі арта түседі», - деді Министр.
Бұған қоса, Асқар Омаров қоғаммен байланысты арттырудың маңыздылығын айта келе «Ұлттық құрылтайдың» өзектілігіне тоқталды.
«Бұл азаматтық институт Ұлттық қоғамдық кеңесті алмастырып, оның құрамына белді де белгілі қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен барлық өңірлердің өкілдері кіретін болады. Азаматтық қоғаммен байланыс біздің мекеменің құзыретіне кіретіндіктен «Ұлттық құрылтайдың» басым бөлігін біздің әріптестеріміз, сондай-ақ осы залда отырғандар да құрайтын болады», - деп мәлімдеді А.Омаров.
Қорытындылай келе, Министр мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуы үшін аталған абыройлы қызмет өз жалғасын табатынына; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағыттағы жұмысты бірлесіп үйлестіруге дайын екендігін жеткізіп, барлық қатысушыларды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.