Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, елдер арасында сенімді саяси диалог құрылғаны, ал халықаралық күн тәртібіндегі көптеген проблемалар бойынша ұстанымдар толығымен сәйкес келетіні ерекше атап өтілді. Бұл ретте әртүрлі халықаралық алаңдардағы өзара қолдау екі елдің өзара іс-қимылына тән стильге айналды.
Консультациялардың күн тәртібіндегі ең маңызды тармақтардың бірі сауда-экономикалық ынтымақтастық болды. Литва бүгінгі таңда Қазақстанның ЕО елдеріндегі ірі сауда әріптестерінің ондығына кіреді. Өз кезегінде, Қазақстан Литваның әлемдегі жиырма сауда серіктестерінің қатарына кіреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 454 млн долларды құрады.
2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында сауда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 267%-ға өсіп, 169,4 млн долларды құрады, ал Қазақстанның экспорты 312%-ға өсіп 153 млн долларды құрады.
Консультацияларға қатысушылар транзиттік-көлік саласындағы өзара
іс-қимыл екі ел ынтымақтастығының басым бағыты болып табылатынын атап өтті. Атап айтқанда, тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын Каунас пен Вильнюстегі теміржол интермодальдық терминалдармен, сондай-ақ Клайпеда теңіз портымен ұштастыру мәселесін қарастырды. Бұл шара қазақстандық және транзиттік жүктерді балтық елдері, Скандинавия және Батыс Еуропа нарықтарына жеткізуге мүмкіндік береді.
Тараптар сондай-ақ медицина, білім беру, IT-технологиялар және инновациялар саласындағы екі елдің кооперациясын дамытудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Литва Сеймінің басшылығымен жеке кездесу барысында Р.Василенко және Литва депутаттары екі елдегі парламенттік «достық топтары» деңгейінде қолдау көрсетілетін парламентаралық диалогты дамыту және кеңейту мәселелерін қарастырды. Тараптар Парламент Мәжілісі мен Сеймнің екі жақты байланыстарының жоғары қарқындылығын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Литва өнеркәсіпшілері Конфедерациясындағы (ЛӨК) кездесу барысында Р.Василенко литвалық бизнесмендерді сауда әріптестігін дамытуға және Қазақстандағы шетелдік инвесторлар үшін преференцияларды кеңінен пайдалануға шақырды. ЛӨК басшылығы мен кәсіпкерлер Қазақстан нарығындағы позицияларды кеңейтуге мүдделілік білдіре отырып, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.