«Біз алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысайын деп отырмыз. Сіздер алдағы жарыстарға ұзақ уақыт бойы дайындалдыңыздар және спорттың 18 түрінен Қазақстанның намысын қорғауға аттанып барасыздар. Оқушыларымыздың әлеуеті зор екенін білемін, сол себепті біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде көрсете алатынына сенімдімін. Салауатты өмір салты мен дене шынықтыру мектеп қабырғасынан қалыптасады. Біз қазір мектеп және студенттік спорт лигаларын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – біз үшін басым бағыттың бірі. Сіздерге жеңіс тілеймін және ұлттық құрамамыздың қоржынына медаль күтеміз!», – деп айтты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларға айтқан сөзінде.

Қазақстан құрамасы сапында 234 оқушы өнер көрсетеді. Олар әлемнің 70 елінен келген 3,5 мың құрдастарымен (16-18 жас) спорттың 18 түрінен жүлделі орындарды сарапқа салады. 

Оқушылар бадминтон, 3х3 баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, спорттық бағдарлау, жүзу, жағажай волейболы, регби, спорттық гимнастика, садақ ату, таеквондо, семсерлесу, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді.

 

«Дүниежүзілік гимназиадаға қатысу мектеп спортының және мектеп лигасының дамуына септігін етеді. Балалар жылы жас спортшыларымыз үшін осындай маңызды оқиғамен ерекшеленіп отыр. Ұлттық құрама 296 адамнан тұрады. Оның 234-і жас спортшы, 49-ы жаттықтырушы, 9-ы төреші және 4-еуі штаб мүшесі. Біз спорттың 18 түрінен өнер көрсетеміз. Оқушыларымыз барынша көп медаль алуға тырысады. Біз спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын белсенді түрде дамытамыз. Балалар ол жарыстарға қуана қатысады. Оқушылардың спортқа жаппай қатысуы – біздің басты міндетіміз», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесi орталығының директоры Сағдат Садықов.