ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті профилактикалық бақылау кезінде университеттің білім беру саласындағы заңнама талаптарын сақтамай отырғанын анықтады.

Мысалы, оқу орны бақылау парағының 46 тармағының 32 тармағы бойынша бұзушылық жасаған. Атап айтқанда, Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттеріне лекцияны біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқиды. Мысалы, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім «Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндерінен сабақ береді. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнердің теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтар жүргізеді.

«Профилактикалық бақылау барысында соңғы 5 жылда бірде-бір ғылыми мақаласы жоқ оқытушылар Қазақ-орыс халықаралық университетінде магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды және бұлар бұзушылықтардың бір бөлігі ғана», - деп айтты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ҰБДҚ мәліметтеріне сәйкес келмейді. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.

Онымен қоса, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамайды. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген.

Студенттердің білім нәтижесі де көңіл көншітпейді, олардың 96%-ы шекті деңгейден өте алмады, бұл білім беру қызметінің сапасының төмендігін көрсетеді.

Университет оқу кабинеттерімен және зертханалық базамен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Кейбір кабинеттер санитарлық талаптарға сай келмейді.

Университетке барлық анықталған бұзушылықты жоюға уақыт берілді. Алайда Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті көптеген заңбұзушылықты жойып, білім сапасын арттырудың орнына, тексеру нәтижесіне шағымданумен уақыт өткізіп жатыр.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен комитеттің барлық әкімшілік актісі заңды деп танылды, ал университеттің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Министрлік талапкерлерге, студенттерге және олардың ата-аналарына жоғары оқу орнын таңдау кезінде білім сапасына мән беру керегін тағы да бір мәрте ескертеді.