Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз баяндамасында тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды әрі көлік байланысын жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын айтты.

Ұлттық жоба 2 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр, олар: «Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» және «Көліктік байланысты қамтамасыз ету».

4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс-шара айқындалды.

Министрдің айтуынша, ұлттық жобаның 2021 жылға арналған іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңге құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,1 трлн теңге қарастырылған.

Осы соманың 1,4 трлн теңгесі немесе 93%-ы игерілді.

«2022 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс 709 млрд теңге қарастырылған», — деді Ә. Қуантыров. 

Оның айтуыша, 1 тамыздағы жағдай бойынша 528 млрд теңге немесе 30%-ы игерілді.

Ұлттық жобаны 2021 жылы іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96%-ды құрады, моно- және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік жай-күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін өсті.

112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды.

Бұл ретте 2021 жылға жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі орындалмаған, олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, ҚР аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны және «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер.

Көрсеткіштердің толық орындалмауының негізгі себептері – ретінде жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары және т.б.

Осы жылғы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасуда.

Министр атап өткендей, Ұлттық жоба аясында келесі іс-шаралар бойынша Ұлттық экономика министрлігі жауапты етіп бекітілді:

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды жаңғырту.

Жоба аясында 2021 жылы 480 ауыл қамтылды. 

2,9 мың км инженерлік желілер мен жолдар және 300-ден астам әлеуметтік объектілер салынды әрі жөнделді.

Осы жылы республикалық бюджеттен 576 ауылда 1 056 жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді, бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 91 жоба атқаруға, әлеуметтік инфрақұрылым саласында 454 және көлік инфрақұрылымы саласында 511 жобаға бағытталған.

1 тамыздағы жағдай бойынша әкімдіктер 52,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 40,8%-ын игерді.

Қаражаттың ең төмен игерілуі Қарағанды облысында байқалады.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 2021 жылы 4,3 мың жас маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер алды.

«Осы жылы республикалық бюджеттен 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді, 1 тамыздағы жағдай бойынша 2 мың маман тұрғын үй алды», — деді Ә. Қуантыров. 

Оның айтуынша, ауылдық аумақтарды дамыту бойынша жаңа шаралар қабылдау әрі оларды үйлестіру мақсатында министрлік қазіргі таңда Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр.

«Тұжырымдама ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіпті дамыту бойынша, кадрлық әлеуетін арттыру, тұрғындардың Интернет желісіне қол жетміділігін ұлғайту және тағы басқалар бойынша кешенді іс-шараларды қамтитын болады», — деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, бұл ретте осынау құжатта жауапты мемлекеттік органдарды айқындай отырып, жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша нысаналы параметрлер қарастырылатын болады.

Моно- және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінді.

1 тамыздағы жағдай бойынша әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8%-ын игерді.

Қаражаттың ең аз игерілуі Павлодар және Алматы облыстарында байқалады.

Ә. Қуантыровтың мәлімеуінше, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша моноқалаларды дамыту ісінде кешенді ұстаным қолдану мақсатында, сондай-ақ жаңа шараларды жүйелеу әрі іске асыру үшін министрлік қазіргі таңда тиісті Жол картасын әзірлеп жатыр.

Жол картасында Моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін, Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен озыңқы даму аумақтарын құру және т.б. мәселелер қарастырылған.

Ауылдар мен моноқалаларды дамыту бойынша жоғарыда көрсетілген барлық ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлерге қарау үшін жолданды.

«Жалпы алғанда “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасының іс-шаралары бекітілген жоспар-кестеге сәйкес іске асырылып жатыр, әрі министрліктің тұрақты бақылауында», — деп түйіндеді Ә. Қуантыров. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне 18,4 млн қазақстандық қол жеткізді

Ұлттық жобаны іске асыру барысында жасалып жатқан шаралар бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндап берді.

Оның айтуынша, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 4 негізгі міндет бойынша 14 көрсеткішке қол жеткізуге бағытталған 88 іс-шараны іске асыруға жауапты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша келесі негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді – сумен жабдықтау қызметтерімен 18,4 млн адам қамтамысыз етілді, жоспар 18,2 млн адамды сумен жабдықтау болған. 

Атырау және Қызылорда қалалары сумен 100% қамтамасыз етілді. 

Қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі жоспарланған 74,9%-дан 75,7%-ды құрады. 

Үйге ортақ жылу және су есептегіш құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі, сондай-ақ 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштері толық орындалды. 

«Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жай-күйіндегі үлесі тиісінше 90% және 80%-ды құрады. Бұл ретте Маңғыстау және Жамбыл облыстарында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі оң нәтижеге жетіп, 95%-ды құрайтынын атап өту қажет», — деді Қ. Өскенбаев. 

Оның айтуныша, келесі көрсеткіштердің мәні төмендеді: 

  • пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан жолаушылар вагондарының үлесі жоспарлы 42,7%-дан 40,9%-ға дейін;

  • техникалық флоттың тозуы 68%-ға дейін төмендеді (жоспар 100% орындалды).

Бұл ретте 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3 көрсеткішке қол жеткізілген жоқ.

Бірінші. 163,1 мың тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша

Жалпы көлемнің жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізбеу, тұрғын үйдің 1 бірлігі үшін базалық ауданның айырмашылығына байланысты.

Мәселен, статистика деректері бойынша халық жоспарлаған 6,8 млн шаршы метрден 7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 

«Яғни индикативтік есептеу кезінде жеке құрылыс салынатын тұрғын үйдің 1 бірлігінің ауданы жоспарланған 140 шаршы метрден, іс жүзінде 173 шаршы метрді құрады. Ол жоспарланған 48,7 мың тұрғын үйден 40,7 мың тұрғын үйге дейін төмендуіне себеп болды», — деді Қ. Өскенбаев.

Көп пәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің көлемі бойынша да осындай жағдай. 

1 пәтердің ауданы 90 шаршы метрді құрауы тиіс. 114,4 мың тұрғын үйді (10,2 млн ш.м.) пайдалануға беру жоспарланған, іс жүзінде орташа ауданы 110 шаршы метрді құрайтын 108,7 мың тұрғын үй (9,8 млн ш.м. ) пайдалануға берілді. 

Екінші. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзит көлемінің өсуі бойынша

«Жоспардағы 25,3 млн тоннға қол жеткізбеудің себебі Қытай Халық Республикасы тарапынан қатаң санитарлық шектеулердің енгізілуіне байланысты, бұл шекара маңындағы теміржол өткелдерінің өткізу қабілетін 2 есеге азайтты», — деді Қ. Өскенбаев. 

Үшінші. Бұл жағдайлар Транскаспий бағытындағы контейнер ағынын ұлғайту көрсеткішіне де теріс әсер етті. Жоспар бойынша 45 мың жиырма футтық балама болған, нақты орындалуы шамамен 41 мыңды құрады.

«Биыл ұлттық жобаны іске асыруға 1 тамыздағы жағдай бойынша 650,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджет 440,4 млрд тенгені, бюджеттен тыс қаражат 155,8 млрд тенгені және жергілікті бюджет 53,9 млрд тенгені құрайды. Жоспар кестесіне сәйкес барлық бюджет толық көлемде игерілді», — деді Қ. Өскенбаев. 

Оның айтуынша, міндеттерге қол жеткізу тұрғысынан жағдай келесідей. 

«Инфрақұрылымды кешенді дамыту» міндеті бойынша 79,3 млрд теңге толық игерілді немесе 99%-ды пайызды құрады, келесі іс-шаралар бойынша қаржыландыру қамтамасыз етілді, олар: 

- қалалық және ауылдық жерлерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау; 

- ауылдық жерлерде суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату;

- қалаларда кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау;

- нөсер кәріздері мен арықтар салу және реконструкциялау.

«Жайлы тұрғын үй» міндеті бойынша 249,8 млрд теңге игерілді. Олар келесі іс-шараларды орындауға бағытталған:

- 2%-бен қарыз қаражатын беру үшін «Отбасы банк акционерлік қоғамына бюджеттік несие беруге;

- тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыруға;

- жергілікті атқарушы органдармен коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін салуға;

- халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялауға;

- әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаражат есебіне жүзеге асыруға.

«Ішкі көлік желісін дамыту» міндеті бойынша 301,2 млрд теңге игерілген. 

Олар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және жөндеуге, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және жөндеуге бағытталған.

«Аумақтардың байланысын арттыру» міндеті бойынша 19,2 млрд теңге игерілді. Олар келесі іс-шараларды орындауға бағытталған:

- 40 техникалық кеме салуға;

- 3 кеме қатынасы шлюзіне күрделі жөндеу жүргізуге;

Бюджеттен тыс қаражат есебінен:

- Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялауға;

- Алматы қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысына.

«Осы жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне 18,6 млн адам қол жеткізе алады, қалалардағы сарқынды суларды тазарту деңгейі 77,5%-ға дейін, үйге ортақ жылу және су есептеу аспаптарымен қамтамасыз етілу 76%-ға дейін жеткізілетін болады. Тұрғын үйді іске қосу көлемі 15,1 млн шаршы метрді құрайтын болады», — деді Қ. Өскенбаев. 

Оның айтуынша, нормативтік жай-күйдегі жолдар сапасының көрсеткіші жыл соңына дейін республикалық желі бойынша 91%-ға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізілетін болады. 

Шымкент және Қостанай қалаларындағы әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын модернизациялау жүргізілетін болады.

Сондай-ақ биыл Алматы қаласының әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды.

Техникалық флоттың тозуы 66%-ға дейін төмендейді.

«Ұлттық жобаны іске асыру бекітілген кесте-жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Іс-шаралардың барлығы министрліктің тұрақты бақылауында. Барлық жоспарлы көрсеткіштер осы жылдың соңына дейін орындалатын болады», — деді Қ. Өскенбаев. 

7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналастырылды

Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова азаматарды жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 

· 153 мыңы немесе 52%-ы жұмыс берушілердің ағымдағы бос орындарына;

· 122 мыңы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына;

· 20 мыңы ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастырылды.

Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55 пайызы немесе 163 мыңы тұрақты жұмыс орындарына ие болды.

Премьер-Министр Ә. Смайыловтың тапсырмасы бойынша жұмыспен қамту шаралары толық цифрландырылды. 

«Бүгін өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар мониторингі электронды форматта жүргізіліп жатыр. Жұмысқа орналастыру жөніндегі мәліметтер міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің негізінде сарапталып жатыр», — деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, зейнет ақы жарналарының түсімі: 

· мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілгендер үшін 81 пайызды,

· жұмыс берушілердің ағымдағы бос орындарына жұмысқа орналасқандар бойынша 65 пайызды құрап отыр.

Ал ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан 20 мың азаматтың тек 38%-ында ғана зейнетақы жарналары бар. 

Бұл бағыттағы ең төменгі көрсеткіш 2,4 пайыз Маңғыстау облысына, 9,2 пайыз Батыс Қазақстан облысына, 18,2 пайыз Шығыс Қазақстан облысына тиесілі болып отыр. 

«Облыс және қала әкімдері басты назарды ұлттық жоба аясында ашылып жатқан жаңа жұмыс орындарының аздығына және зейнет ақы жарналары түсімінің төмендігіне аударуы қажет», — деді Т. Дүйсенова.

Әрі қарай министр ұлттық жобалардағы тағы бір бағыт жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру екенін атап өтті. Бұл үшін азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бойынша шаралар іске асырылып жатыр.

«Бүгінгі таңда белгіленген өңірлерге 3,8 мың адамнан тұратын 1 147 отбасы қоныс аударды. Бұл осы жылға жоспарланған көрсеткіштердің 47 пайызы. Қоныс аударылғандардың ішінде 540 адам шетелден келген қандастар», — деді Т. Дүйсенова. 

Оның айтуныша, өңірлер бойынша қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, Қарағанды және Ұлытау облыстарында артта қалушылық бар.

Қоныс аударушылардың жартысына жуығы немесе 44%-ы өз дамуының жоғары әлеуеті бар 29 жасқа дейінгі жастарды құрап отыр. Бұл бағытта Түркістан және Алматы облыстары әкімдіктерінің тиімді іс-қимылдары 2 000-ға жуық азаматтың қоныс аударуына ықпал етіп, көш тізгінін бастап тұр. 

«Алайда еліміздегі демографиялық өзгерістер және жаңа геосаяси жағдай көші-қон саясытын қайта қарау қажеттілігін көрсетіп отыр. Сондықтан министрлік еліміздің экономикалық дамуын кадрлармен қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған “Ашық Қазақстан 500+” көші-қон саясатының тұжырымдамасын әзірледі», — деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, мұнда Ішкі көші-қонның басты мақсаты – азаматтарды көшіру емес, еңбек күші тапшы өңірлерде жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтарды тарту және өңіраралық еңбек күші дисбалансын шешу.

Бұл тәсілдер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңесінде мақұлданды.

Қазір тұжырымдама жобасы облыс әкімдіктерімен келісілді, қыркүйек айында үкімет қарауына енгізілетін болады. 

Үкімет отырысы барысында тақырып бойынша Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыста 26 ауылдық елді мекенде 5,4 млрд теңге сомасына 47 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге қарастырылған.

«Жобалардың көбі – жаңа жобалар. Осыған байланысты қаржыландыру жоспары бойынша негізгі сома тамыз-қыркүйек-қазан айларына көзделген. Конкурстық рәсімдер өткізілді. Белгілі бір жұмыс көлемі орындалды. Жұмыстар жақсы қарқынмен жүргізілуде, қараша айына дейін барлық қаражат толық игерілетін болады», — деді өңір басшысы. 

Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері облыс бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 14 млрд теңгені немесе бірінші жартыжылдық жоспарына 97,5%-ды құрады.

Базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша міндетті орындау аясында өткен жылы 198 шақырым су құбыры, кәріз және 30 шақырым жылу желілері салынды және қайта құрылды.

Биыл 238 шақырым су құбыры және кәріз желілерін салу және қайта құру жоспарланып отыр. Бұл қала халқының 98,5%-ын, ауыл халқының 92,4%-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге және жоспарды 100%-ға орындауға мүмкіндік береді.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында бүгінгі күні 5 моноқалада 214,3 млрд теңге сомасына 14 «зәкірлік» жоба іске асырылып жатыр, 2806 жұмыс орны ашылады.

«2021 жылы 245 маман “Дипломмен ауылға” жобасы бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер алды. Биыл 1,5 млрд теңгеге 338 маман кредиттер алады. Қазіргі уақытта 122 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. “Жайлы тұрғын үй” міндетін жүзеге асыру аясында жарты жылда 15% өсіммен 207 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысы бойынша 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», — деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Өңір басшысының хабарлауынша, көлік байланысын қамтамасыз ету мақсатында биыл жергілікті маңызы бар 470 шақырым автожол қамтылды, оның ішінде моно- және шағын қалаларда жоспар 28 шақырым бола тұра, 40 шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеу көзделіп отыр

«Бұл жолдардың 89%-ын нормативтік жағдайға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында биыл 6,3 мың жұмыс орны құрылады. Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда», — деп түйіндеді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру нәтижелері туралы баяндады.

2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы 11 мыңнан астам азаматты қабылдады. Облысосы көрсеткіш бойынша көш бастап тұр.

«2016 жылдан еңбекке қабілетті 4,6 мың адамның 3,7 мыңы жұмысқа орналастырылды. 490 отбасы өз ісін ашты, оларға 270 млн теңге қайтарымсыз гранттар мен кредиттер берілді. Осы кәсіпкерлерден 5 жыл ішінде 100 млн теңге салық келіп түсті», — деді Үкімет отырысында өңір басшысы. 

Өңір әкімдігінің жоспарларына сай, 2022 жылы 2 мың 556 адамды қабылдау жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 1 320 адам немесе квотаның 52%-ы көшіп келді, оның ішінде 500-і еңбекке қабілетті.

СҚО әкімінің сөзінше, бүгінде 51 адам мұғалім, 30 адам медициналық қызметкер, 45 адам механизатор және мал дәрігері болып, 174 адам қызмет көрсету және сауда саласына жұмысқа орналастырылды. Қалғандарын жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 200 жуық адам өз ісін ашуға ниет білдірді. Қоныс аударған адамдардың бизнес-идеяларына қолдау көрсетуге 3 млрд теңге қарастырылған. СҚО басшысының айтуынша, қазіргі күні 100 адам мемлекеттік грант алды. 

«Сонымен қатар бақылау механизмін арттыру үшін қызметті растау мерзімін 3 жылға дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын тиімді түрде қолдануын қамтамасыз етеді», — деді Құмар Ақсақалов.

Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңірдегі жол төсемінің қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 4 762 шақырымды құрайды, соның тек 39%-ы немесе 1875 шақырымы – нормативтік жағдайда.

«Республика бойынша жергілікті жолдардың ең төмен көрсеткішін ескере отырып, сіздің және салалық министрліктің қолдауымен биыл қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайып, 27 млрд теңгені құрады және 60 жоба іске асырылып жатыр, 94 ауылдық елді мекенге апаратын 360 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылып жатыр», — деді БҚО басшысының орынбасары. 

2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар автожолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және жобалау сатысында жалпы сомасы 92 млрд теңгеге 100-ден астам жоба бар. Жыл сайынғы тиісті қаржыландыру болған жағдайда қойылған мақсатқа қол жеткізіледі.

«Өздеріңіз білетіндей, негізгі жол-құрылыс материалдары – қиыршық тас пен битум көрші өңірлерден тасымалданады, бұл жобалардың қымбаттылығына зор әсерін тигізеді. Жобалардың құнын төмендету және жол жөндеу жұмыстарымен барынша қамту үшін балама технологияларды қолдану қарастырылған. Бұл жобалардың құнын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Бақытжан Нарымбетов. 

Оның хабарлауынша, жол саласын қаржыландыру көлемінің ұлғаюы жергілікті мердігер компаниялар санын арттырып жатыр.

«Мысалы, 2012 жылға дейін 4 жол-құрылыс компаниясы болса, бүгінгі таңда олардың саны 10-ға жетті», — деді Б. Нарымбетов.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары іске асырылып жатқан жобалардағы жұмыстар мен материалдардың сапасын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының тәуелсіз мемлекеттік зертханасы мұқият тексеріп жатқанын атап өтті. Оған жергілікті бюджеттен 119 млн теңге бөлінді.

«Бүгінгі таңда жергілікті желі автожолдарында 100 шақырымға жуық жаңа жол төсемі салынды. 60 жоба бойынша 1 000-нан астам негізгі қызметкер жұмылдырылып, 132 жұмыс орны ашылды, сондай-ақ 500-ден астам арнайы техника мен 14 асфальт-бетон зауыты жұмылдырылды. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті автожолдарының үлесін 39%-дан 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр», — деп түйіндеді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.