Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл республика халқының шамамен 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы жылжымалы кешендер, медициналық пойыздар және санитарлық авиация қолданылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба үш міндетті қамтиды: 1) фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; 2) заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру; 3) ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған.

Премьер-Министр ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр.

«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объекті ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Ұлттық жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологиялар жаппай енгізу көзделген, бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов ұлттық жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру екенін айтты. 

«Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек», — деді Премьер-Министр.

Ол жобада көзделген барлық шаралар ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.