ІІМ басшысының айтуынша, өңірдегі жағдай тұрақты. Бірқатар ауылдық округтерде соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс жасалмаған. Ол Қызылжар, Қарабұлақ, Егіндібұлақ, Тасқопа, Ақкөл, Ақтасты және Қайрақты ауылдық округтері.

– Бұл полиция мен қоғамның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі тиімді өзара іс-қимылының арқасында. Мұндай оң тәжірибені баршаға үлгі етіп көрсету қажет, – деді ол.

Жалпы кездесуде өңір тұрғындарына криминалдық ахуалдан ақпарат берілді. Аймақта біршама қылмыс түрлері азайған. Жыл басынан бері облыста 91 келі есірткі тәркіленіп, 2 есірткі зертханасының жолы кесіліп, 33 есірткі сайты бұғатталған. Атқарылған жұмыс көп. Бірақ алаңдатарлық мәселелер де жеткілікті. Солардың бірі – жол қауіпсіздігі. Мұнда биыл 438 жол апаты тіркелген. Онда 75 адам қаза тауып, 602-сі түрлі жарақат алған.

Жиынға облыс әкімдігі мен прокуратурасының өкілдері қатысты. Ортақ шешімді қажет ететін түйткілді мәселелер олардың да назарынан тыс қалмады. Шараға арнайы келген ішкі істер органдарының ардагерлері де аз болмады. Олар да өзекті тақырыптарды қозғап, министрге бірқатар сауал жолдады. Бұл бойынша ведомство басшысы Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповке арнайы тапсырма берді.

Өнер орталығына жиналғандарды негізінен қылмыстық істердің тергелуі, полиция қызметкерлері тарапынан жасалған заңсыздықтар, өңірдегі жол қауіпсіздігі мен есірткі айналымы мәселесі толғандырды. 

Үлкен кездесуден соң министр әдеттегісінше өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Олардың әрбірінің өтініштерін жерге тастамай, қатаң бақылауға алды. Атап өту керек, жеке қабылдауға келгендердің қарасы қалың болды. Сондықтан Ақтөбеге елордадан арнайы келген министрлік қызметкерлері Тергеу департаментінен Санжар Әділов, Көші-қон қызметі комитетінен Аслан Аталықов, Өзіндік қауіпсіздік департаментінен Әділет Бекмурзинов, Кадр саясаты департаментінен Бақытжан Бейсеев те тұрғындардың сөзіне құлақ салып, әрқайсысы өз саласы бойынша мардымды жауаптар беріп, кеңестерін айтты.

Полиция халыққа жақын және қолжетімді болуы тиіс. Осы қағиданы өңірдегі тәртіп сақшыларының есіне салған министр қызмет сапасын арттыру үшін әріптестеріне бірқатар нақты міндеттер жүктеді.