Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жаңаділ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Аркен Өтенов және «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев қатысты.

Іс-шара Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, оның барысында ҚР Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы талқыланды. 

Қатысушылар өңірлік даму тәсілдері мен стандарттарын жоспарлау, көрсеткіштерді айқындау және міндеттерді белгілеу бойынша пікір алмасты.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, әр ауылдың экономикалық ерекшелігін айқындау, шекаралас аймақтарды және ауылдық жерлерде туризмді дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Бюджетті ұлғайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды ынталандыру арқылы ауылдық әкімдіктерге көбірек еркіндік беру туралы да сөз қозғалды. Бұдан басқа, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажет екендігі атап өтілді.

Өз кезегінде министр қатысушыларға іс-шара барысында белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, ПЖКР мүшелеріне кездесуде көтерілген ұсынымдарды министрлікке жолдап, Тұжырымдама жобасын пысықтау жұмысына қатысуға шақырды.

Былтыр Агенттікпен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ПЖКР офисі ашылып, онда резерв өкілдерінің кездесіп, пікір алмасуға және жаңа жобаларды талқылауына мүмкіндіктер жасалған.

Бүгінгі күні Президенттік жастар кадр резервінен 260 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарға – 131 резервші, жергілікті атқарушы органдарға – 39, ұлттық компанияларға – 49, өзге де және жеке ұйымдарға – 41.