Спикер атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылдың соңына дейін толық шешілуі тиіс. Облыста 367 елді мекен бар. Сумен жабдықтау жүйесі 82 елді мекенде жоқ, оның ішінде 200 адамнан аз тұрғыны бар 26 аз қоныстанған елді мекен бар.

«Өткен жылдан бастап біз осы аз қоныстанған елді мекендерде кешенді блок-модульдерді орната бастадық. Биыл 12 ауылға осындай блок-модульдер орнатылады. Қалған 14 елді мекенде олар 2024 жылдың ішінде орнатылады», – деді өңір басшысы.

Ірі елді мекендерге келетін болсақ, биыл орталық сумен жабдықтауға 32 елді мекен қосылатын болады. Жыл қорытындысы бойынша орталық сумен қамтамасыз ету 96,5% құрайды. 2025 жылдың соңына қарай облыс халқы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі, деп сендірді әкім.

Журналистер назар аударған облыс орталығындағы қоғамдық көлік жұмысындағы кемшіліктерге тоқтала келе, өңір басшысы қазіргі уақытта Тараз қаласында 34 бағыт жұмыс істеп тұрғанын, 360-370 жуық автобус жүріп-тұратынын атап өтті.

«Біз жүргізген талдауға сәйкес, қосымша тағы 15 бағытты ашу туралы шешім қабылданды. Біз мәселені шешудің бірнеше нұсқасын қарастырдық. Нәтижесінде кәсіпкерлерге жыл сайын жаңа автобустар сатып алуға облыстық бюджеттен субсидиялар бөлу туралы шешім қабылданды, әкімдік шығындардың бір бөлігін өз мойнына алады. Егер 2022 жылы осы мақсаттарға 1,9 млрд теңге бөлінсе, биыл ол - 2,9 млрд теңге», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдан бастап Таразға 100 жаңа автобус келген. Үш жыл ішінде тағы 200-250 автобус сатып алу жоспарлануда.

«Бұдан басқа, біз облыс орталығы мен аудандар арасындағы, сондай-ақ аудандар арасындағы бағыттарды ұлғайту мәселесін қойып отырмыз. Тек биылдың өзінде ғана қосымша 19 бағыт ашылды», – деді Н. Нұржігітов.

Өңір басшысы медициналық қызметтердің сапасы мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, облыста келесі жылдан бастап үш аудандық аурухананы қайта жөндеу және үш ауданаралық аурухананы пайдалануға енгізу жоспарлануда. Бұл медициналық қызметтердің сапасын жақсарту және пациент Тараз немесе Алматы қаласына бармай-ақ, күрделі оталарды жүргізудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жасалады.

Алайда, бұл орайда кәсіби кадрлардың болуы мәселесі бар. Өңір басшы атап өткендей, қазіргі уақытта әкімнің гранттары бойынша медициналық жоғары оқу орындарында 42 студент оқиды, тағы 100 студент резидентурада оқиды, олардың 85-і биыл облысқа келуі тиіс. Екінші бағыт – жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің біліктілігін арттыру.

«Биыл облыстық бюджеттен Түркия мен Оңтүстік Корея клиникаларында тәжірибе алу үшін Жамбыл дәрігерлерінің баруына 60 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, біз Ресей, Германия және басқа елдерден мамандарды тарта отырып, үнемі шеберлік сабақтарын өткіземіз», – деп түйіндеді әкім.