"My Freighter" (Centrum Air) әуе компаниясы 2023 жылғы 5 маусымнан бастап А–320 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рейс жиілігімен (дүйсенбі, сәрсенбі және жұма) Алматы-Ташкент бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы сауда - экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ бәсекелестіктің артуына және авиабилеттер құнының төмендеуіне әсер етеді.
Анықтама: "My Freighter" - Ташкентте орналасқан өзбекстандық әуе тасымалдаушы. Әуе компания жолаушылар мен жүк рейстерін орындайды. Әуе компания 2020 жылдың қаңтарында құрылды, бірінші жолаушылар рейсі 2023 жылдың ақпан айында орындалды. Әуе компания паркінде 5 әуе кемесі бар (Airbus-319, Airbus-320, Boeing - 747).