Спикердің айтуынша, елімізде волонтерлік қызметке қатысатын азаматтардың саны күннен-күнге ұлғаюда. Соңғы үш жылдың өзінде волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге өскен. 2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 224 болса, 2023 жылы олардың саны 680-ге жуықтаған.
Волонтерлердің саны да төрт есеге өскен, 2019 жылы 50 мың болса, қазір 200 мыңнан астам волонтер бар.
«Өткен жылы волонтерлік қызмет жөніндегі заңға өзгерістер енгізілді. Ол жерде еріктілерге оқуға түсу, жұмысқа орналасу кезінде бірқатар преференциялар берілді», – деді вице-министр.
Қазіргі таңда волонтерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында республика бойынша 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Олар жыл сайын 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңнан астам іс-шара өткізуде.
Халықаралық волонтерлікті дамыту саласында да бірқатар шаралар қолға алынды. Оның ішінде БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен бірлесіп ҚР Үкіметінің қаржыландыруымен 7 адам өткен жылы да, осы жылы да шетелде еріктілер ретінде жұмыс істейді. Әлемде 16 ел ғана осындай мүмкіндікке ие болып отыр, солардың ішіне Қазақстан да кіріп отыр, деді сала өкілі.
«Биыл 20-21 маусымда Астана қаласында халықаралық волонтерлер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Форумның негізгі мақсаты – волонтерлік қозғалысты дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені халықаралық деңгейде паш ету, Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында еріктілер бағытындағы көшбасшысы екенін көрсету. Бұл форумға барлық қазақстандық волонтерлер, негізінен ұлттық волонтерлер желісі де барынша атсалысып отыр», – деді Д. Қадыров.
Форумға 34 елден қатысушылар келеді деп күтілуде. Шетелден келетін қонақтардың саны 140-тан асады, ал жалпы, форумға 400 адам қатыспақ. Қазақстанның өңірлерінен шараға волонтерлік жұмыстарға белсене қатысқан еріктілер келеді.
«Форум барысында волонтерлік саланың түрлі бағыттары бойынша 10 сессия өтеді», – деп түйіндеді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.