Комитет басшысы атап өткендей, 2022 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарын жаңғырту және қорғау саласындағы уәкілетті орган құрды. Президент бұл тұқымдарды қазақтың ит тұқымы ретінде халықаралық деңгейде танытуға қол жеткізу міндетін қойды.

«Жүргізілген талдау қазақтың ит тұқымдарының тектік қорының нашарлау үрдісі байқалғанын және олардың еліміздің көптеген өңірлерінде толық жойылу қаупі туындағанын көрсетті. Осыған байланысты олардың тектік қорын азғындаудан сақтау және қолдау маңызды болды», – деді ҚР ЭТРМ комитетінің басшысы.

Қазақтың ит тұқымдарының тектік қорының жай-күйін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер де, бұл мәселеде мемлекеттік қолдау да болмаған. Спикердің айтуынша, елімізде таза асыл тұқымды төбеттерді табу қиын болған. Иелері көбінесе өздеріне пайда табу мақсатында оларды ірірек ит тұқымдарымен будандастырған. Бұл иттер ит төбелесінде қолданылған. Тазыға байланысты да осындай жағдай орын алған. Есепке алу мен тіркеудің болмауына байланысты иттердің нақты санын анықтау мүмкін болмады.

Мұндай жағдайда Қазақстанда жүйелі сипаттағы шаралар қабылданды. Ең алдымен, Халықаралық кинология федерациясының шарттарын ескере отырып, тазы мен төбетті халықаралық деңгейде таныту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірленді.

Үстіміздегі жылдың 20 қаңтарында Мемлекет басшысы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Тиісті түзетулер бірқатар басқа заңнамалық актілерге енгізілді.

«Заңда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» РМҚК құрылымдық бөлімшесі ретінде қазақтың ит тұқымдарының ұлттық орталығын құру көзделген. Орталықтың ашылуы осы жылдың шілде айына жоспарлануда», – деді А. Ким.

Ұлттық орталық қазақтың ит тұқымдарын сақтаумен және өсімін молайтумен айналысады, кинолог-мамандарды осы ит тұқымдарымен жұмыс істеуге үйретеді, таза тұқымды иттерді өсіреді, куәліктер береді, олардың тегін сақтайды. Мүдделі тұлғалармен және ұйымдармен бірлесіп қазақтың ит тұқымдарының стандарттары пысықталатын болады. Көрмелер мен байқаулар, иттерге далалық сынау өткізу жоспарлануда. Ұлттық орталықта тазы мен төбеттің өсімін молайту және сақтау саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарлама әзірленетін болады.

Комитет басшысы атап өткендей, орталықтың жұмыс істеуіне мемлекет алдағы үш жылға 1,4 млрд теңге бөлді.