«Қазақстанда Дүниежүзілік қарттар күнін мерекелеу шараларына тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта барлық өңірде осы мерейлі мереке құрметіне аға ұрпаққа лайықты қамқорлық пен құрмет көрсетуге бағытталған қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі», – деді С. Жақыпова. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда жасына байланысты 2,3 млн зейнеткер тұрады. Олар үшін зейнетақыны арттыру жүйелі түрде, тұрақты негізде жүргізіледі. 

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 10,5% құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-на дейін, ортақ зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. Нақты цифрмен айтсақ, 158 мыңнан 189 мыңға дейін өсірілді», - деді Светлана Жақыпова.