Қарағанды облысында 5 жыл ішінде (2021-2025 жж.) мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1659 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 679 нысанда бейімдеу іс-шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті  жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында жоғарыда аталған нысандардың 83-і толық бейімделгені расталды, 150 нысан бейімделмеген. 446 нысан ішінара бейімделген деп танылды.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 38 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 24 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 2,8 млн теңгеге 14 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 444 нысан бейімделді.