— Айбек Арқабайұлы, шақыртуымызды қабыл алып, студиямызға келгеніңізге алғыс айтамыз. Соңғы кездері елімізде ауқымды оқиғалар көп болды. Сіздің де жауапкершілігі мол қызметке келгеніңізге 3 айдай болып қалыпты және осы оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Сұхбатымызды дәл қазіргі уақытта өзекті әрі ауқымды мәселе су тасқынынан бастасақ. Салдарына миллиардтар кеткен су тасқынына қатысты Мемлекет басшысы «ешкім назардан тыс қалмайды» деп уәде берген еді. Нақты не істелді, қысқаша тоқталып өтсеңіз?
— Бұл алапат тасқынның зардабын жою мәселесі Президенттің жеке бақылауында. Мемлекет басшысы бүгінге дейін арнайы Штабтың 4 жиналысын өткізді, апат болған аймақтарға өзі барды, жергілікті халықтың нақты көмек алуын қадағалап отыр.
Арнайы құрылған өңірлік комиссияларға зардап шеккен аймақтар тұрғындарынан 24 835 өтініш түскен. Бүгінге дейін 18 642 отбасы 7 млрд теңгеден астам сомаға біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 919 млн теңгеден асты. Су астында қалған 9403 тұрғын үй тексеріліп, 6828 нысанды бағалау жұмыстары жүргізілді.
Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге 710 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 568 отбасын қамтыды. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 95 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.
Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр.
Жалпы алғанда, осы тасқын салдарымен күрес аясында Президентіміз қазірге дейін Үкімет пен әкімдіктерге 74 нақты тапсырма берді, оның әрбірінің сапалы орындалуын қадағалау — біздің міндетіміз.
— Апат айтып келмейді. Жалпы, осы су тасқыны бізге не үйретті деп ойлайсыз?
— Біз бұл тасқыннан қазір қандай сабақ алдық десек, бірнеше факторды атап өтейін. Қазір тасқынның салдарымен күресу, оның зардабын жоюмен қатар алдағы уақытта мұндай апаттарды болдырмаудың қамын жасау өте маңызды.
Біріншіден, бұл кейінгі 80 жылда болмаған табиғи апат. Шындығына келсек — отыз жыл ішінде бізде ғылыми сараптама әрі болжам жасау жүйесі, оның ішінде апаттарды болжау және олардың алдын алу жүйесі қараусыз қалған. Ирригациялық инфрақұрылым жүйесі ескірген. Мемлекет басшысы осыған қатысты еліміздің 11 аймағында 20 жаңа бөген салуға, 15-ін күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылдады. Барлық апат түрлеріне байланысты ғылымның үлесін көбейту, қатердің алдын алу, болжам жұмыстарына ден қоюымыз керек.
Екіншіден, қазір Жер шарының әр түкпірінде климаттың өзгеруінің салдарынан түрлі табиғи апаттар жиілеп кеткенін ескеріп, біз де кез келген табиғаттың тосын қылығына дайын болуымыз керек. Осы орайда, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мәселелерімен айналысатын арнайы ведомство құрылғаны өте маңызды.
Үшіншіден, Президент өзі айтқандай, бұл — су шаруашылығын қайта құру, яғни алапат тасқынның салдарын ескеріп, бұған дейін жіберілген кемшіліктерді жою, оларды қайталамас үшін қажет шешімдерді қабылдау. Қазір бұл бағытта тасқын мен құрғақшылық мәселелерін реттейтін Су кодексінің жобасы дайындалуда. Бұған қоса, төтенше жағдайларға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр.
Төртіншіден, зардап шеккен азаматтарға көмек беру механизмдерін жетілдіру және осы жұмыстарды бақылауда ұстау.
Бесіншіден, мұны ең маңызды деуге болады — біз бір ел, бір жұрт болып қандай да қиындыққа қарсы тұра алатынымызды, бірлігіміз жарасқан ел екенімізді тағы көрсете алдық. Апаттың алдында барлық аймақтың тұрғындары бір үйдің баласындай бірікті. Елде қайырымдылық мәдениеті қалыптасты. Тасқын жүрген аймақтарға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 50 мыңнан астам ерікті көмекке келді. Олардың көмегімен қарапайым тұрғындардан 10 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды.
— Су тасқыны демекші, халықты тасқын зардабына бөлініп жатқан қыруар қаржының өз орнымен жұмсалуы қатты алаңдатады. Оның үстіне, өткенде ғана осы мақсатқа бөлінген 1 млдр теңге қолды болды деген ақпарат тарап кеткенін білесіз. Ол ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Әрі Президент барлық шығындардың жұмсалуын халық көріп отырсын деп тапсырма берді емес пе? Мұны қалай орындап отырсыздар?
— Сұрағыңыз орынды. Себебі, бұл жерде ақпаратты бұрмалауға жол бермей, халыққа шынайы ақпарат беріп отыру өте маңызды. Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан мәліметке келсек, «гидротехникалық нысандарға бөлінген қаражаттың 1 млрд теңгесі жымқырылды» деген ақпаратты кейбір азаматтар дұрыс түсінбеген сияқты. Расында, бұл қаражат — бұдан бұрынғы жылдары бөлінген, гидротехникалық нысандарды жөндеу, бөгеттерді салуды қамтамасыз етуге арналған қаражат болған. Яғни, биылғы су тасқынының салдарымен күреске бөлінген қаражат емес. Сондықтан, елді дүрліктірмес үшін, төтенше жағдай кезінде кез келген ақпаратты мұқият тексеріп алып, халыққа түсінікті тілмен тарату өте маңызды.
Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болуы үшін арнай qoldau.gov.kz сайты ашылды. Сайтта өтемақы алу, зардап шеккен тұрғын үйлерді қайта салу бойынша өтініш қабылдау функциясы бар.
Оған қоса, бөлінген қаражатты қадағалау үшін сайттың ішінде арнайы парақша ашылады. Тасқыннан зардап шеккен азамат өзінің аты-жөні мен ЖСН-ін енгізу арқылы кіріп, оған тиесілі көмек түрлері туралы ақпарат алатын болады. Бұл функция жақында іске қосылады. Осылайша әрбір азамат өзіне тиесілі көмекті бақылай алады.
— Еш жасыратыны жоқ, көпшіліктің елең етіп жібермей оқитын хабары — ол шетелден қайтарылған активтер, қаржы мәселесі. Бірақ, көпшіліктің көкейінде «қайтарылған қаражат халық игілігіне шынымен бағытталып жатыр ма?» деген сауал бар. Осы қаражат мақсатты жұмсалып жатыр ма?
— Әрине, халықтың оны бақылауы орынды. Бұл қаражатты қайтарудағы басты мақсат — оны мемлекеттің экономикалық айналымына түсіру, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Қазіргі кезде заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаражаттың бір бөлігі, Президенттің тапсырмасы бойынша 62 мектептің құрылысына жұмсалды, бұл — 76 мыңнан аса оқушыны мектеппен қамтамасыз ету деген сөз. Оның жартысынан астамы қолдануға берілді, жыл соңына дейін тағы 25 мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы қосымша 20 мектеп салынады.
Тағы бір мысал келтірейін. 180 миллиард теңге қайтарылған қаржы тұрғындарға ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, аймақтардағы автобус парктерін жаңартуға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруға және жеңілдетілген автонесие беруге бағытталды.
Алматы қаласындағы қайтарылған жер телімдерінің бірінде 240 орындық балабақша салынатын болды. Айта берсек, мұндай мысал көп. Мемлекетке қайтарылған халық қазынасы еліміздің мұқтаждықтарына жұмсалып жатыр, оның барлық механизмі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңында жазылған. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған практика екенін атап өткен жөн. Қазір бұл тәжірибені беделді халықаралық ұйымдар да, серіктес елдер де құптап отыр.
Заңсыз активтерді қайтару ісі бұдан әрі де жалғасады. Елдің аузынан жырылған қаржыны қайтару механимдері әлі де жетілдірілу үстінде, сондықтан қайтарылған капитал көлемі де арта беретіні сөзсіз.
— Айбек Арқабайұлы, ендігі сұрақ — ол тіл мәселесі. Елімізде тілге қатысты қандай да бір түйіні тарқамаған мәселе бар ма?
— Мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы — нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты — мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу.
Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі — біздің ұлтымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.
Бұған қоса, біздің елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл — мемлекетіміздің негізгі заңы — Ата заңда жазылған норма. Біз дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек.
Жауапты органдардың зерттеулеріне сәйкес, қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81 пайыздан асқан. Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді. Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін айтып, оларға сенім артып отыр. Демек, бұл өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным.
Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл — ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та, тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді.
Жалпы, біздің елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бірақ, бұл — еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат. Нақты формуласы — көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті — тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең…» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы.
Біле білсек, тілдік төзімділік — қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіпсіздігіміздің кепілі. Даурықпа айқай, дәл қазір не қылса да бола салсын деген талап мүлдем бұрыс нәтиже әкелуі мүмкін!
Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі түбінде ұлтаралық тілге айналады, оның күні тіпті де алыс емес. Қазірдің өзінде ана тілімізде еркін сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Жақында ғана Ассамблея сессиясында тек ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, оны насихаттап, таратуда нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар өзге ұлт өкілдері атап өтілді.
Максим Рожин, Наталья Дементьева, Анна Данченко, Геннадий Шиповских сияқты қазақ тілінің насихатын арттырып, дамуына үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Осындай беделді азаматтар бірнеше тіл білсең кем болмайсың дегеннің дәлелі.
Біздің қоғам «Заң мен тәртіпке» бағынуы тиіс. Конституция, заңдармен бекітілген талаптар мүлтіксіз орындалуы қажет. Осы ретте мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, басқа да мекемелер болсын азаматтар өтініш жасаған тілде сапалы қызмет етуі керек.
Қоғамда тілге қатысты арандатулар болған жағдайда, еліміздің әр азаматына ескертіп айтатын жәйт — ол арандатуға қосылмаңыздар. Бірнеше тілді меңгеру керек, қазақ халқы әрдайым сауатты болсын деген ұстанымдамыз әрі тілді саяси сұраққа айналдыруға қарсы екенімізді ашып айтамын.
Өйткені, тіл тақырыбы — көптеген мемлекеттер арасында, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда қақтығыстарға себеп болып отырған басты факторлардың бірі. Сондықтан, бейбіт болашақ үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне нақты көз жеткізбей тұрып, түрлі арандатуға қосылмауды сұраймыз. Мұндай арандатушылар заң бойынша жауап беретін болады.
— Президент бір сөзінде «біз зейнетке шығамыз, Қазақстан жастарға қалады» деді. Мемлекет басшысы айтпақшы, Қазақстан келер ұрпаққа мұра екені анық. Себебі, еліміздің болашағы кадрдың кәсібилігіне тәуелді. Осы ретте, Мемлекеттік аппаратта сапалы кадр тапшы ма? Бұл мәселенің қандай шешімі бар?
— Сапалы кадрлар бір күнде өсіп шықпайды. Бұл бағытта жүйелі әрі ұзақ мерзімде жұмыс атқаруымыз қажет. Бес жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Сол уақыттан бері 289 резервші түрлі секторларда, 3-уі «А» корпусындағы, 36-сы саяси лауазымдағы қызметке тағайындалды. Бұдан бөлек, резервтегі жас азаматтар Парламент Мәжілісінің депутаты болып та сайланды. Биылдан бастап Өңірлік кадрлық резервтер құрыла бастады.
Сондай-ақ, мемлекеттік грантпен отандық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді ендігі жерде байқаудан тыс мемлекеттік қызметке тартуды жолға қойдық. Былтыр 120 үздік түлек мемлекеттік қызметке орналасты. Жалпы, бір маманды оқытып шығаруға кемі 5 жыл керек болса, кәсіби мемлекеттік қызметшілер буынын тәрбиелеп шығуға одан екі есе, тіпті одан да көп уақыт керек.
Ең бастысы, ел ішіндегі білімді, білікті азаматтардың мемлекет ісіне белсенді араласуын арттырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды Президент айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасына сай жетілдіру үстіндеміз.
Осы орайда, мен өз құзырымдағы мекемеге қатысты айтайын. Президенттің тапсырмалары негізінде мемлекеттегі кадр саясатына меритократия механизмдерін енгізуді қолға алдық. Қазір қабілетті адамдарды іріктеу процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізілу үстінде.
Бұған қоса, мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процесі қайта пысықталуда. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне саяси лауазымға тағайындауға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл, өз кезегінде, Орталықтың үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелетін.
Бұдан былай, саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу процесі кандидаттардың жеке және кәсіби құзыреттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі. Бұл ретте, бұл рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн. Алдағы уақытта тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адами факторының әсері азаяды. Мақсат — саяси қызметке нәсіліне, тегіне, жынысына қарамастан білімді, білікті, уәдеге берік, заңды құрметтейтін азаматтарды тарту.
— Осы орайда, көптен бері ойымда жүрген бір сұрақты қойсам. Бізде Үкімет мүшелері мен әкімдер жиі ауысады. Мұның себебі неде? Әлде жемқорлықпен күрестің бір әдісі ме? Әлде, шынымен жұмысы өнбеген соң шенеуніктер жиі креслосын босататын болып тұр ма?
— Бұл жерде басын ашып айта кететін нәрсе — мемлекеттік қызметші болу, оның ішінде саяси қызмет атқару — үлкен жауапкершілік әрі зор сенім. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі кадрлық өзгерістер бір күнде қабылданатын шешім емес екенін ескеру керек. Әрбір тағайындау кезінде қызметшілердің іскерлік қабілеті, тиісті саладағы білімі мен тәжірибесі ескеріледі.
Осы тұрғыда Президенттің кадрлық таңдауы жеке адамға деген көзқарасына емес, сол лауазымды атқаруға кәсіби біліктілігі, тәжірибесі, білімі жеткілікті ме, елге адал қызмет етуге дайын ба деген мәселелерге байланысты. Байқасаңыз, саяси қызметте белгілі бір кесімді мерзім немесе «кепіл» жоқ, қатаң талап нәтижесінде өз жұмысына адал, білікті кадрлар ғана сұрыпталып шығады.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде Қазақстанды озық елге айналдыру жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өткен. Осы орайда, Үкіметтің алдында маңызды міндет қойылған — 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайту қажет. Яғни, саяси қызметшілер осы сияқты нақты міндеттерді орындау үшін тағайындалады.
Біріншіден, Президентіміз елімізде болып жатқан барлық мәселелер бойынша хабардар. Белгілі бір кадрлық шешім қабылданғанда, әрине, ең алдымен сол саладағы стратегиялық мақсаттардың орындалуы басты назарға алынады. Мемлекеттік қызметшілер дегеніміз жалдамалы менеджерлер ғой. Әр кезең талабына сай қойылған мақсаттар орындалғаннан кейін, оның кәсіби біліктілігі басқа салаға бағытталауы мүмкін.
Екіншіден, біз даму жылдамдығы аса жоғары, күн сайын қым-қуыт өзгерістер болып жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Бұл мемлекеттік қызметшілерден шұғыл өзгерістерге бейімділікті және жоғары бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Сондықтан белгілі бір саладағы кезекті межеге қол жеткеннен кейін келесі межеге жету үшін басқа деңгейдегі кәсіби біліктілік қажет болуы мүмкін. Ендеше, осыған байланысты тиісті кадрлық шешім қабылдануы заңды.
Ал сіз айтқан жемқорлықпен күрес мәселесі қай заманда да, қай елде де өзекті мәселе. Онымен мемлекет, қоғам, яғни бәріміз жұмыла күресуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтаған емес. Сол үшін барлық процестерді цифрландыру өте өзекті. Мәселе оны сапалы жүргізуде. Бастысы, әкімшілік қызметші болсын, саяси қызметші болсын бұл дерттен аулақ тұруы тиіс. Ал егер алда-жалда пендешілікке бой алдырса, заң талабы барлығына бірдей. Лауазымына қарамастан кез келген азамат қолмен істегенін заң бойынша мойынмен көтеруге мәжбүр болады.
Дереккөз: inform.kz