Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің тарихын зерттеу мен насихаттауға, тіл мәселесіне, ономастика, тарихи мұралар мен тарихи тұлғаларға, табиғи және тарихи мекендерге, ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Президент тарихи-мәдени жәдігерлерді, олардың көшірмелерін Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да аса маңызды екенін атап өтті.

Көрмеде Ұлыбританиядан әкелінген 15 қолжазба мен архивтік құжаттың көшірмелері және республика аумағында анықталған 150-ден аса көне қолжазба мен сирек құнды кітаптар көрмеге қойылды. Олардың ішінде түркі-ислам мәдениетінің құнды ескерткіші, алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы (X-XII ғғ.), Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектерінің көшірмелері, XI ғасырдағы парсы тарихшысы Гардизидің «Зейн-әл-ахбар» қолжазбасы, т.б. бар.

Сонымен қатар,  «ULY DALA MURASY» ғылыми-танымдық журналының жаңа нұсқасы және шетелдерде анықталған көне деректер бойынша «Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралары» атты каталог-альбомының тұсауы кесілді.

Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жинақтау, оларды келер ұрпаққа сақтаудың маңыздылығы мен осы салада бүгінгі күні туындаған өзекті мәселелері талқыланды.