Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саладағы негізгі мәселелердің шешілуі жолында осындай жиындардың маңызын атап өтті.

«Президенттің тапсырмасымен ауыл тұрғындарының табысын, тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытында Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 34 млрд 500 млн теңге қарастырылған болса, оның ішінде Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында субсидия және кепілдіктер беру үшін 9 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік гранттар беруге 73 млн 100 мың теңге қаралды. Биылғы 6 айда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 64 мың 478 болды. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық жобаны қаржыландыру көзделген. Кәсіпкерлер санының өсуі жастар және «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған микрокредиттер есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты - ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді. Аймаққа өткен жылы республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінсе, биыл 4 млрд 600 млн теңге қаржы қаралуда. Барлығы 411 жоба несиелендіріліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.

Іс-шарада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Сырдария, Шиелі аудандарының әкімдері «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы мен артықшылықтары туралы баяндады.

Бұдан бөлек, Алматы облысынан арнайы келген «Дәулет Бекет» ЖШС бас директоры Сыдық Дәулетов, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағалиев, Түркістан облысынан келген жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов өз тәжірибелерін бөлісті.

Мәжілісті қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бағдарламаны іске асыру бағытында бірқатар ұсыныс айтты.