Аталған іс-шара шетелдік қатысушыларға көшпелі өркениеттің заманауи үлгісін көрсетуге және қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған. «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту. Жарысқа қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз тұқымдары қатысып жатыр.

«Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінің аясында ұйымдастырылған маңызды іс-щараның бірі – «Ботай – Ұлы Дала мәдениеті» жылжымалы көрмесі. Марафон қатысушылары, келген қонақтар Ботай мәдениетімен терең танысып, энеолит заманындағы құнды тарихи жәдігерлерді тамашалады. Аталмыш іс-шараның бағдарламасына Ботай көрмесінің енуі кездейсоқ емес. Осыдан 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады.