«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында осы мақсаттарға бюджеттен шамамен 10 млрд теңге бөлінген. Барлық нысандар қажетті медицина мамандарымен, дәрігерлермен және санитарлық көлікпен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде 43 мыңнан астам ауыл тұрғыны медициналық қызметке қол жеткізе алады.
Алғашқылардың бірі болып Егіндікөл ауданының Бауманское ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Оның құрылысына бюджеттен 246 миллион теңге бөлінген. ФАП күніне қырыққа жуық науқасты қабылдай алады.
«Қазір басқа медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Оларды жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен ашамыз. Барлық алғашқы медициналық-санитарлық пунктер облыстың шалғай ауылдық елді мекендерінде салынуда, бұл ауыл тұрғындары үшін медицинаны қолжетімді етуге айтарлықтай мүмкіндік береді. Сонымен қатар,қазіргі таңда 20-дан астам денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Оған бюджеттен шамамен 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл медициналық инфрақұрылымның тозуын азайтып, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға көмектеседі», – деді Ақмола облысының әкімінің орынбасыры Алтынай Әміренова нысанның салтанатты ашылу рәсімінде.
Ол жаңа медициналық нысандарды салу ауылдық жерлерде өмір сапасын жақсартуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Фельдшерлік-акушерлік пункт Бауманское және Қоржынкөл ауылдарының 800-ге жуықтұрғынына қызмет көрсетеді. Онда әртүрлі медициналық көмек көрсетуге арналған мамандандырылған кабинеттер жабдықталады. Мұнда үш медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар, шұғыл көмек көрсету үшін аудандық ауруханадан автокөлік бөлінеді.