Мектептер 900 және 1200 оқушы орындарына арналған. Мұнда 100-ден астам оқу кабинеті, оның ішінде, зертханалары бар физика, химия, биология кабинеттері, робототехника және STEM зертханалары бойынша сыныптар, сондай-ақ 3 спорт залы бар. 

Білім беру нысандарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де барлық жағдай жасалған: пандустар, тұтқалар, көру қабілеті төмен жандарға арналған ескерту жүйелері, таблолар мен бағдарлар орнатылған. 

Биылғы оқу жылының басынан елімізде 82 мыңға жуық оқушы орынына арналған 30 жайлы мектеп ашылды. Оның ішінде, 9 мектеп Астанада, 6 мектеп Ақмола, 3 мектеп Алматы облыстарында және екі мектептен – Атырау және Жамбыл облыстарында, бір мектептен  – Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ, 1 мектеп Алматы, 2 мектеп Шымкент қалаларында ашылды. 

2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қазіргі заманғы форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.