Негізгі экологиялық сын-қатерлер, атап айтқанда ауаның ластануы, қалдықтарды басқару және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және басқа да шаралар қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша еліміздің 15 қаласында ауаның ластану деңгейі жоғары, оның ішінде Алматы және Қарағанды қалаларында бұл көрсеткіш «өте жоғары» деңгейде.
Сондай-ақ Кеңес отырысына сарапшылар: «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, қазақстандық KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қатысып, сөз сөйледі.
Алматының экологиялық бағдарламасы
Алматы әкімі Ерболат Досаев Премьер-министрге «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Қазіргі таңда ауаның ластануын азайту, орман қорын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен қалдықтарды басқару, ESG-қағидаттарын енгізу және «жасыл» облигациялар шығару бойынша жұмыстар басым бағыттар ретінде айқындалған.
Мамандардың есептеуі бойынша, Алматы агломерациясында ауаға шығарылатын зиянды заттардың жалпы көлемі 225,2 мың тоннаға жетеді, оның шамамен 84%-ы мегаполистің өзіне тиесілі. Қалада зиянды қалдықтардың ең көп үлесін, яғни, 60%-ын автокөліктер, ал 27%-ын өнеркәсіп кәсіпорындары шығарады. Әкім Алматыда Атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелері әзірленгенін, ол 2025 жылдың бірінші тоқсанында Мәслихаттың қарауына ұсынылатынын атап өтті. Олар жылжымалы және стационарлық көздерді қатаң реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ЖЭО жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде, ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі 93%-ға, яғни 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді. 2026 жылы жылу көзі көмірден газға ауысады деп күтілуде. Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторын газбен қамтуға ерекше назар аударылуда, бүгінгі таңда үйлердің 99,4%-на тиісті инфрақұрылым тартылды.
Алматы қаласының ауасына автокөліктің теріс әсерін азайту мақсатында 2024 жылдан бастап дизель отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салынды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша троллейбус паркі 100%-ға жаңартылды, автобус паркін жаңғырту 2025 жылы одан әрі жалғасады. Бұл ретте, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі электромобилдердің 58%-ы немесе 7 875 бірлікті құрайтын ең көп саны Алматыда тіркелген.
Сондай-ақ Ерболат Досаев Мемлекет басшысының «Алматы – бақ-қала» мәртебесін жандандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу жөніндегі жол картасына сәйкес, 2023-2024 жылдар кезеңінде мегаполисте 643 мың ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар Жасыл желектерді қорғау мен күтіп-ұстаудың жаңа ережелеріне сәйкес, суару жүйесін міндетті түрде жүргізу нормасы енгізілді. Осының нәтижесінде 2 жыл ішінде 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды.
Сапалы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін 2024 жылы жалпы қуаты тәулігіне 54,3 мың м3 болатын жаңа су көздері пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2025 жылы толығымен аяқтау жоспарланып отырған тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау инфрақұрылымын жаңғырту барысы туралы да баяндалды. Алматы әкімі Ерболат Досаев қытайлық Shanghai SUS Environment Co. Ltd компаниясымен бірлесіп қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы: жаңартылатын энергия көздерін дамыту және қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту
«Жасыл экономикаға» көшу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев баяндады. Өңірде 2030 жылға дейін жалпы қуаты 74,3 МВт болатын 5 ГЭС салу жоспарланған. Бүгінгі таңда облыста қуаты 1,6 ГВт болатын 8 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді, жаңартылатын энергия көздері жалпы көлемнің 4%-ын алады. Су ресурстарын басқаруға қатысты бүгінгі таңда егін алқаптарының 856 мың гектары тамшылату әдісімен суарылады. 2024 жылы халықты тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін құны 15,4 млрд теңгені құрайтын 26 жобаның 11-і іске қосылды, 15 жоба бойынша жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Ауыл тұрғындарының 98,3%-ы үшін таза ауыз сумен қамтамасыз ететін 220 шақырымнан астам су құбыры желілері салынды және жаңғыртылды.
Ермек Көшербаев қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударды. Өңірде жыл сайын 145 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, оның 22%-ы қайта өңделеді. 2025 жылы жылына 36 мың тонна қалдықты сұрыптауға, жылына 10 мың тонна тауарлық битум мен 10 мың тонна биоотын алуға мүмкіндік беретін жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Ауаның ластану деңгейін төмендету мақсатында бірқатар жоба іске асырылды. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында 25 жыл ішінде «Қазмырыш» ірі кәсіпорнының шығарындылары 4 еседен астамға қысқарды. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорны күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын толық тазарту қондырғысы құрылысын бастады, бұл атмосфераға бөлінетін күкірт диоксиді көлемін 1,6 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі өндіріс орындары, соның ішінде Қазмырыш, ҮМЗ, Өскемен ЖЭО, Бұқтырма цемент кәсіпорны эмиссия мониторингінің автоматтандырылған жүйелерімен жабдықталған. Экологиялық жағдайға қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын «Өскемен тынысы» экологияны қорғау бюросы жұмыс істейді. Жалпы, соңғы жылдары облыс орталығында зиянды заттар көлемі 5,2 мың тоннаға немесе 9,5%-ға төмендеген.
Қарағанды облысы: шығарындыларды азайту және орман алқаптарын көбейту
Қарағанды облысында ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әкім Ермағанбет Бөлекпаев 2024 жылғы 9 ай қорытындысы бойынша 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың көлемі 14,5 мың тоннаға азайғанын баяндады. Жеке секторларды көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасуда. 7 621 үйге газ тарату желілері салынып, 3 573 үй қосылды. Өңірдегі ірі 10 кәсіпорында эмиссия мониторингінің автоматтандырылған жүйесі орнатылған.
Қалдықтарды басқару бойынша алға қойылған міндеттерді ескере отырып, үш жылдық перспективада Балқаш, Абай, Қарқаралы қалаларында және Бұқар жырау, Шет, Нұра аудандарында сұрыптау желісі бар 6 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу жоспарлануда. 2024 жылдың 9 айында облыс бойынша түзілген қалдықтардың көлемі 258,8 мың тоннаны құрады, оның ішінде қайта өңделген қалдықтардың үлесі 55%-ға жетті.
Ермағанбет Бөлекпаев орман алқаптарын көбейту бойынша жоспардың орындалуы мен нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу туралы баяндады. Бір ғана «Таза Қазақстан» акциясы аясында бүгінде Қарағандыда 42 мың ағаш отырғызылды. Су ресурстарын басқару саласындағы жұмыстардың нәтижелері атап өтілді. Мәселен, 2 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, Тоғызқұдық, Тихоновка, Жастілек бөгеттерін және Таңатбай су қоймасын реконструкциялау бойынша 4 жоба әзірленіп жатыр. 2024 жылы су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жер көлемі 4,9 мың гектарға артып, 35,2 мың гектарға жетті. Энергия тиімділігін арттыру үшін облыстағы 4 электр станциясында жаңа 3 қазандық пен 4 турбинаны іске қосу жоспарланып отыр.
***
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау мақсатында «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне деректерді онлайн беру арқылы автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда жүйені пайдалануға міндетті 91-ші кәсіпорынның 68-і орнатқан. Мониторинг эмиссиялар деңгейін онлайн бақылауға және технологиялық режимнен ауытқуларға уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді.
2025 жылдан бастап ірі кәсіпорындарды кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу және ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу шеңберінде 2035 жылға қарай шығарындылар көлемін 300 мың тоннадан астамға азайту күтілетіні атап өтілді. Алдағы 10 жылда ERG компаниялар тобы қатты бөлшектер шығарындыларын 56%-ға, төгінділерді 30%-ға, су тұтыну көлемін 33%-ға азайтуға, өндіріс қалдықтарынан алынған қайталама материалдарды өңдеуге және сатуға 228 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ жиын барысында шақырылған сарапшылар сөз алды. KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың атқарушы директоры Вера Мұстафина көміртекті бейтараптық мәселесін өзектендірді. «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева мегаполистердегі микромобилділікті дамыту, атап айтқанда, велошабандоздар үшін инфрақұрылым құру мәселесін көтерді.
Премьер-министр Олжас Бектенов сарапшылар қауымдастығы тарапынан айтылған ұсыныстарды пысықтап, «жасыл экономикаға» көшу бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді тапсырды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін экологиялық мәселелерді шешудің маңыздылығы атап өтілді.
«Мемлекет басшысы алдымызға “жасыл экономикаға” көшу міндетін қойды. Бұл – тек экологиялық тұрақтылық мәселесі емес, сонымен бірге, ұзақмерзімді экономикалық даму мәселесі. Біз ел тұрғындарына өндірістік факторларының кері әсерін азайту арқылы инновациялық технологияларды енгізуге, саланың серпінді өсуіне жағдай жасауымыз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр әкімдіктерге мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, «жасыл экономика» индикаторларына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Отырыс барысында атом және сутегі энергетикасын дамыту перспективалары да қарастырылды.