Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бағытталатын болады.

«Негізгі басымдық – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз ету, педагогтердың біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, бұл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуды, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуді қамтиды. Сондай-ақ, кәсіпорындар үшін дуальді оқыту жүйесін дамыту және мамандарды даярлау мақсатында бизнес құрылымдары мен инвесторларды тарту жоспарлануда», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға  жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп,  кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді.