Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінің нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды, сондай-ақ, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету шешілді. Жобаға қатысушылар цифрлық құзыреттілікті арттыру және кәсіби дамытуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай, оқытудың 4 моделі әзірленді.
«2023 жылы жобаға Ақтөбе облысындағы 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Ал, оның алдында Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тағы 10 тірек және 30 шағын жинақталған мектептері қосылды. Осы жылдан бастап жобаға 192 тірек және 759 шағын жинақты мектеп қатысады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Бүгінде Қазақстанда 8 мың мектеп бар, оның 67%-ы ауыл мектептері, 51%-ы шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.