Спикер рәсімдерді жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мәжілістің қарауында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған қарыз шартына борышты реттеу туралы талапты алып тастауды көздейтін түзетулер бар, борышкердің себебін көрсетпей, өз қалауы бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату құқығы бар. Үшінші түзету несиелік бюроның базасында көрсетілмесе де банкроттық бойынша міндеттемені тоқтатуға қатысты. 

«Банкроттық рәсіміне Алматы облысында ең көп өтініш берілді – 23 мың, бұл республика бойынша барлық өтініштің 11,8%-н құрайды. Ұлытау облысында ең аз өтініш берілген – 2 мыңға жуық немесе 1%. Банкроттардың орташа жасы – 44. Жасы ең үлкен азамат – 1943 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны, оның берешек сомасы – 370 мың теңге. Ең жас банкрот – 2005 жылы туған Астана қаласының тұрғыны, қарызы – 856 мың теңге», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов. 

Спикердің айтуынша, ер азаматтар банкроттыққа жиі жүгінеді, олар барлық өтініш берушілердің 52%-н құрайды. Берешегі ең көп банкрот Астана қаласының тұрғыны болды. Қарыз сомасы 2,1 млрд теңгені құрайды. Берешегі ең аз банкрот – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Оның қарызы 200 мың теңгені құрайды. 1 мыңнан астам банкрот немесе барлық банкроттың 5%-ы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ал 10 мыңға жуығы немесе 44%-ының 5 жылдан астам уақыт бойы төленбеген қарыздары болған.