Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 2 мыңнан астам білім беру ұйымында робототехника, химия, биология, физика және STEМ бойынша заманауи пәндік кабинеттер ашылды. Бір ғана 2024 жылдың қорытындысын алып қарасақ, 967 мектепте 1621 пәндік кабинет жабдықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, 2029 жылға қарай еліміздің мектептерінде кемінде 7000 заманауи пәндік кабинет ашу жоспарланған.
Білім беру сапасын арттырудың тағы бір маңызды факторы – цифрлық технологияларды енгізу. Ұлттық бастамалар аясында мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа көшірілді, ал мектептердің 95,2%-да жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік айтарлықтай жақсарды. Білім беру платформалары енгізіліп, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне интеграцияланып жатыр. Осы шаралардың барлығы оқушыларды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға және олардың бойында ерте жастан цифрлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Білім беру сапасы педагогикалық қауымдастықтың кәсібилік деңгейімен де тікелей байланысты. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан мұғалімдерді тұрақты түрде қолдау, олардың мәртебесін, материалдық әлеуетін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өту керек. 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы 2 есеге артты, ал біліктілік санаттары бар мұғалімдерге ол үшін лауазымдық жалақысының 35%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төленеді. Бүгінде орта білім беру жүйесінде жұмыс істейтін 400 мың педагогтің 300 мыңға жуығына осындай үстемеақылар төленіп келеді.
Ауыл мұғалімдерін қолдауға ерекше назар аударылады, олардың жалақысы қалалардағы әріптестерімен салыстырғанда кем дегенде 25%-ға жоғары. Бұл өңірлерге білікті кадрларды тартуға ықпал етеді.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап Президенттің тапсырмасы бойынша барлық бастауыш сынып және әлеуметтік осал топтар санатындағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту енгізілді. 1,7 миллион оқушыны қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттерден 192 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ тамақтану сапасын арттыру мақсатында асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды, күнделікті бақылау енгізілді.
Сонымен қатар «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы 510 мыңнан астам оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілген.
2025 жылдан бастап жекеменшік мектептердің оқушылары үшін де әлеуметтік қолдау шараларын енгізу көзделген.