6 млрд 560 млн теңге көлеміндегі қаражат Қостанай қаласындағы индустриялық аймақта KIA автокөлігін өндіретін зауытқа кірме жолдары мен 3-ші санаттағы теміржолдарды салуға бағытталады.
Салынып жатқан KIA автокөлік өндіру зауыты – ең ірі автомобиль жобаларының бірі. Зауыттың жобалық қуаты жылына шамамен 70 мың автокөлікті құрайды.
Инвестор 90 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен инженерлік коммуникациялар жүргізуге 500-ден астам адам жұмылдырылған. Жоба аясында барлығы 1,5 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын аймақ пен еліміздің дамуына үлкен серпін береді, сондай-ақ өндірісті локализациялау деңгейін айтарлықтай арттырады. Зауыт дәнекерлеу, сырлау және көлік құрастыру сияқты толық циклді негізде жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Қостанай қаласының Индустриялық аймағы аумағында 5 жоба іске қосылған. 9 жоба белсенді түрде пысықталып жатыр.
Осылайша, индустриялық аймақ аумағында көлік инфрақұрылымын салу барлық іске асырылып жатқан жобалардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасайды. Жаңа кірме жолдар мен теміржолдар үздіксіз логистиканы қамтамасыз етіп, шикізат жеткізу ісін жеделдетеді, сондай-ақ дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдауды жеңілдетеді.