Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын дамыту еліміздің экономикалық өсуі үшін маңызды екенін бірнеше рет айтты. Тау-кен секторын басқару жүйесін жаңғырту, 2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық зерделеу алаңын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу, сирек және сирек жер металдарының кен орындарын игеру сияқты тапсырмалар мен міндеттер жүктелді.

Жақында ашылған жаңалықтардың бірі – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Күйректікөл учаскесінде жартылай өткізгіштер мен қуатты магниттер өндірісінде пайдалануға болатын сирек жер металдарының үлкен ресурстары бар бірнеше перспективалы аймақ анықталды. 300 метр тереңдіктегі сирек жер металдарының жалпы болжамды қоры 20 млн тоннадан асады.

Президент Самарқандта өткен «Орталық Азия - Еуропа Одағы» саммитінде сөйлеген сөзінде Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Әлемде халық санының өсуімен металдарға деген қажеттілік артып келеді, сондықтан геология маңызды бола түсуде. Бұл салада 50 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүрген ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі, геолог Олжабай Исмаилов осындай пікірін білдірді. Ол 2018 жылы Астанада геологияны насихаттау және халықты хабардар ету мақсатында алғашқы геологиялық мұражай ашқан. Мұражайға мектеп оқушылары жиі барады, алайда ол бәріне де қызықты болады. 

Мұражай коллекциясына мыңнан астам экспонат енген. Минералдардың барлық кластары ұсынылған – табиғи элементтерден бастап, нитраттар, бораттар, Қазақстан аумағында, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде – Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Австралияда жиналған органикалық тұздарға дейін. Бұдан басқа, мұражайда палеонтологиялық коллекция, ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдың ортасындағы геологиялық әдебиеттер мұрағаты, Далалық геологиялық құралдар жинағы бар. Мұражай қоры жаңартылып, жаңа экспонаттармен толықтырылып отырады.

Мұнда ақық тастың түр-түрі бар, оны қолмен де ұстап көруге болады. Минерал қабаттарының реңктері әртүрлі, нәтижесінде оның бетінде ерекше сурет қалыптасады: концентрациялық өрнектерден табиғи пейзажға ұқсас кескіндерге дейін.

Тағы бір сирек кездесетін, бірақ танымал коллекциялық минералдардың бірі – диоптаз. Бұл минерал әлемде бес кен орнында өндіріледі. Олардың бірі Қазақстанда орналасқан. Қазақстандық зүбәржат Қарағанды облысында Алтын төбе кен орнында табылған.

Бірегей анартастар, ерекше пішінді мыс, табиғи күміс. Пирит (алтынға ұқсас минерал құрамында темір мен күкірт бар, күкірт қышқылын өндіруде қолданылады) пен хризопраза (құрамында аз мөлшерде никель бар жартылай бағалы және сәндік тас) үлгілерінің салмағы ондаған килограмға жетеді.  

«Геология – бұл ғылым, ғылымсыз геология – түк емес», – дейді Олжабай Исмаилов.

Оның айтуынша, болашақ геологтерді даярлауға қосымша жағдай жасау керек. Нақтырақ айтқанда, академиялық білім беріп, геолог мамандығының беделін көтеру қажет.  

«Жастар оқиды деп ойлаймын. Балаларға, жастарға еліміздің байлығын көрсетіп, өз Жеріне, өз Отанына деген сүйіспеншілікті оятқым келеді», – дейді ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі.

Әрине, саланы дамыту үшін кешенді жұмыс жүргізу қажет. Бүгінде ұлттық байлықты зерттеуге мемлекеттік компанияларды тарту үшін жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр.

Бірінші кезеңде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі перспективалы учаскелерді анықтай отырып, геологиялық барлау жүргізеді. Одан әрі ұлттық компания инвестициялауға дейінгі дайындық кезеңін (толық барлау, технологияларды іріктеу, ТЭН әзірлеу) бастайды, содан кейін өзі немесе серіктестермен бірге игеруге кіріседі. Осы тетік бойынша елімізде Қаратас (мыс), Жосабай (алтын), Солтүстік Қатпар, Жоғарғы Қайрақты (вольфрам) кен орындарында пилоттық жобалар іске асырылып жатыр.

2024 жылы Қазақстанда қатты пайдалы қазбалардың 38 перспективалы аймағы анықталды.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сала өкілдерінің еңбегін жоғары бағалау мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген геологі» жаңа құрметті атағы берілді. Кәсіби мереке қарсаңында еліміздің Премьер-Министрі геология саласының мамандарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.