Іс-шараны Астана қаласының Мемлекеттік архиві Президент орталығымен бірлесіп өткізді.
Әлмұқан Сембиновке арналып шығарылған кітап төрт бөлімнен тұрады.
Біріншісі – Сембинов сөйлейді». Мұнда соғыстан келген батырдың қызмет атқаруындағы жазған мақалалары топтастырылған. Қолжазбасы мен газет бетіне шыққан материалдары орналасқан.
Екінші бөлімі – «Суреттер сыр шертеді». Бала күнінен бастап өмірлік жолы суреттер арқылы берілген.
Үшінші бөлім – «Сарғайған сары парақтар». Ә. Сембиновтың майдан даласы мен елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі құжат арқылы ұсынылған.
Төртінші бөлім «Әлмұқанның әлемі» деп аталады. Мұның ерекшелігі майдангердің қыр-сыры жайында майдандас достары, өзінен кейінгі інілері қалам тербейді.
Жиын барысында «Ерлік дастаны» атты тарихи-деректі көрменің тұсаукесері өтті. «Ерлік дастаны» көрмесінде Астана қаласының мемлекеттік архивінің құжаттары мен материалдары негізінде Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмола өңірі бойынша құрылған әскери құрамалар, жауынгерлер тағдыры мен олардың майдандағы әскери іс-қимыл бағыттары және ұрыс алаңдарындағы ерлігі, тылдағы тұрғындардың орасан зор еңбегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық стратегиялық маңызын айғақтайтын дереккөздер қамтылған.