Бесінші отырыста сөз сөйлеген Комиссия мүшелері Құрылтайға сайлаудың пропорционалды жүйесінің артықшылығы, референдум атауы, Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттіктері, неке және отбасы институтын нығайту, білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлылығы туралы норманы, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын бекіту, «Таза Қазақстан» және т. б. мәселелер бойынша сөз сөйледі.

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жазылды. Алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Сонымен қатар, жаңартылған Негізгі заңның басты идеясы – білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Конституцияда өлім жазасына тыйым салуды қолдайтынын айтты.

«Әділетті мемлекет тек азаматтардың қатысу институттарының сапасымен ғана емес, ең алдымен, адамның негізгі құқықтарының конституциялық деңгейде қорғалуымен өлшенеді. Сол құқықтардың ішінде өмір сүру құқығы айрықша орын алады. Бұл – ең жоғары құндылық әрі құқықтар мен бостандықтар жүйесінің іргетасы. Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өмір сүру құқығының абсолюттік сипатын Конституцияда бекіту қажеттігі туралы ұстанымы қолдауға лайық. Ұсынылып отырған нормаға сәйкес, өмір сүру құқығы әрбір адамның абсолюттік және ажырамас құқығы болып табылады. Ешкімнің өз бетінше адамды өмірін қиюға хақысы жоқ. Ең бастысы – өлім жазасына тыйым салынды. Мұны Конституцияда бекіту Негізгі заңның гуманистік сипатын күшейтіп, Әділетті Қазақстан қағидатына нақты мазмұн береді», – деді Сергей Пономарев.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева талқыланып жатқан өзгерістер қолданыстағы Конституция мәтініне енгізілетін түзетулер шеңберінен әлдеқайда кең екенін атап өтті.

«Алдымызда еліміздің Ата заңының жекелеген бөлімдеріне түзетулер немесе толықтырулар енгізумен шектелмейтін ауқымды міндет тұр. Бұл 1995 жылғы Конституция мәтінін бүгінгі шынайылыққа жай ғана бейімдеу туралы емес, мемлекеттің бүкіл құрылымдық архитектурасын, құқықтар мен бостандықтар кепілдігі жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін терең қайта қарау. Мұндай кешенді өзгерістер бізді жекелеген түзетулер сериясына емес, жаңа мәтін қабылдау қажеттігіне алып келеді. Бұл ұстаным «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 26-бабына да сәйкес туындайды, онда нормативтік құқықтық актіге енгізілетін өзгерістердің ауқымы ескерілуге тиіс екені нақты көрсетілген. Заң нормасына сәйкес, нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады», – деді Дания Еспаева.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев та осындай пікірде.

«Соңғы екі күн ішінде біз ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты әрі мұқият талқыладық. Кеше жобаның алдын ала нұсқасы таныстырылды. Мен бұл өзгерістердің барлығын тереңнен зерделеп шықтым. Мұнда Конституцияның мазмұндық тұжырымдамасын өзгертуге бағытталған өзге де маңызды жаңалықтар аз емес. Олардың барлығы қоғамның бүгінгі сұранысына, заман талабына сай келеді. Осыған баланысты Конституциялық комиссия аясында жаңа Конституция мәселесін қарау орынды деп санаймын», – деді заңгер отырыс барысында.

Жиын барысында Комиссияның өзге де мүшелері жаңа Конституция қабылдау мәселесін қарау туралы ұсынысты қолдады.