«Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау азаматтардың конституциялық процеске белсенді әрі саналы түрде қатысып жатқанын айқын көрсетеді. Қоғаммен жүргізіліп отырған бұл ашық диалог жалғасады. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының ережелерін алдағы уақытта да кәсіби деңгейде түсіндіреді», – деді Эльвира Азимова.
Отырыс барысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституцияның 18-бабын нақтылауды ұсынды. Осы баптың 2-тармағында сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды деп көрсетілген. Бұл дұрыс жазылған мәтін. Дегенмен, орыс тіліндегі аудармасында, онда «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар сот шешімінсіз күдіктіні ұстау мүлдем болмайды деп түсіну қаупі бар екенін айтуда.
«Мәтін мазмұнына қарасақ, расында да дәл солай. Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні айдан анық. Қылмысты тоқтату, күдіктіні ұстау, оны дереу оқшаулау құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндеттердің бірі болып танылады. Тек осыдан кейін ғана оны күзетпен ұстау туралы шешімді сот қабылдайды. Бұл – дүниежүзілік практика. Конституция еліміздің басты құқықтық темірқазығы, оның әрбір нормасы анық және түсінікті болуы қажет және керісінше, екіұшты болмауы керек. Сондықтан да талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын. Жалпы Комиссия орасан зор жұмыс атқарып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Ең маңыздысы, Ата заңның жобасын талқылау халықтан алшақ емес, онымен бірге талқылануда және оның әр нормасы елдің бүгінгі тұрақтылығы мен ертеңгі игілігіне бағытталған», – деді Жандос Өмірәлиев.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков білімге қатысты мәселелер бойынша сөз сөйледі. Оның айтуынша, ғылым мен білімнің басымдығын конституциялық түрде бекіту, осындай трансформация үшін ұзақ мерзімді негіз бола алады.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама.
«Конституциядағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де бірдей түсініп қабылдай алатын болады. Бұл қоғам назарына талқылауға ұсынылған Конституцияның жаңа мәтінінің үлкен бір жаңашылдығы, артықшылығы деп сенімді түрде айта аламыз. Оны бірқатар азаматтар әлеуметтік желіде де қолдап пікір жазуда», – деді Ерлан Қарин.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublika» партиясының фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияда ұлттық валюта теңге мәртебесін бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселе аса маңызды.
«Теңге Қазақстанның өз даму бағытын таңдағанын, қаржылық және институционалдық тұрғыдан дербес мемлекет ретінде орныққанын көрсететін танымал әрі мағыналы нышан. Осы себепті ұлттық валюта қаржы жүйсінің элементі болуымен қатар мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын білдіретін символды мәнге ие. Ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту ҚР экономикалық дербестік қағидатын айқындауға мүмкіндік береді», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның сөзінше, ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекіту теңгенің институционалдық маңызын күшейтеді, қаржы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етеді, әртүрлі алып-қашпа пікірлердің алдын алады.
Айдарбек Қожаназаров бұл құжатты қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін, терең ойластырылған және елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалап отыр. Соған орай ол жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды.
Бұл ұсынысты Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай қолдады. Бұл ретте белгілі заңгер құқықтық мемлекеттердің негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметінде заңдылықты қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын конституциялық деңгейде бекітуді ұсынды.
Оның айтуынша, дәл осы әрекетсіздік көбіне құқықтардың ең елеулі бұзылуына әкеледі. Өтініштерді қарау мерзімдерінің созылуы, міндетті шешімдердің қабылданбауы, сот актілерінің орындалмауы, жалтару, қызметтік міндеттерге формалды көзқарас таныту. Нәтижесінде адам құқықтық белгісіздік жағдайында қалады, яғни оның құқықтары танылғанымен, іс жүзінде іске асырылмайды.
«Әрекетсіздік кезінде де, заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда да билік өкілеттіктерін жүзеге асырудың заңда белгіленген тәртібі бұзылады және жеке тұлғаның мүдделеріне нұқсан келеді. Осындай тәуекелдерді ескере отырып, мемлекет азаматты заңсыз әрекеттер мен шешімдер қаупінен барынша қорғау үшін өзара іс-қимыл рәсімдерін тұрақты жаңартып, іс жүргізу заңнамасының тиімділігін арттырып отырады», – деді Серік Ақылбай.
Оның пікірінше, мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын конституциялық деңгейде бекіту мәселесін көтеру маңызды. Бұл азаматтық-құқықтық жауаптылықтың дәстүрлі институтын толықтырады, жеке адам мен жария билік арасындағы бұзылған тепе-теңдікті қалпына келтірудің тиімді құралы болады.
«Көптеген құқықтық жүйелерде мұндай құқық конституциялық деңгейде бекітіледі. Қазақстанда бұл бағыт азаматтық заңнама, әкімшілік сот ісін жүргізу және сот практикасы арқылы дамып келеді. Конституциялық Сот бұзылған құқықтарды қорғаудың шынайылығы мен тиімділігінің маңызын дәйекті түрде көрсетіп келеді. Зиянды өтеу құқығын тікелей Конституцияда бекіту заң шығарушы үшін де, соттар үшін де маңызды бағдар болар еді. Ал қоғам тұрғысынан бұл мемлекетке сенімді күшейтіп, оны тек басқарушы орган ғана емес, өз шешімдерінің салдары үшін жауап беретін институт ретінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Серік Ақылбай.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Конституцияға әрбір азаматтың мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келген зиянды өтеу құқығы туралы норманы енгізуді ұсына отырып, адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейту туралы айтты.
«Мұндай конституциялық кепілдік азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз шешімдер мен іс-әрекеттер қабылдау қаупін азайта отырып, тұрақты алдын алу әсерін тигізеді. Егер сот мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен іс-әрекеттері заңсыз деп таныған жағдайда, азаматтарға осындай өтемақы алу мүмкіндігіне кепілдік беру қажет. Мұндай кепілдікті Конституция деңгейінде енгізу – бұл әр адамның құқық субъектілігін тану. Жаңа Конституция әрбір адам құқықтар мен міндеттердің иесі болып табылатындығынан және оларды, мемлекеттен де қорғауды өз бетінше талап етуге құқылы екендігінен туындайды. Мұндай норманы енгізу әрбір азаматты жария-құқықтық қатынастардың тең құқылы қатысушысы етеді, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асырудың практикалық құралына айналады», – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасады. Келесі отырыс 7 ақпанда өтеді.