ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасына енгізілген толықтырулар туралы айта келе, негізгі бағыттардың бірі – тұрғын үйге қолсұғылмаушылық кепілдіктерін күшейту болғанын жеткізді. 28-баптың 1-тармағында сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйден шығаруға да жол берілмейтіні туралы толықтыру көзделді.
Талдау нәтижелері бойынша жаңа Конституцияның күшіне ену және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату тәртібін реттейтін нормалар да қарастырылды. Жекелеген ережелер бір палаталы Құрылтайға көшуді және оның сайлауын өткізуді реттейді. Сонымен қатар лауазымды тұлғаларды тағайындауға және жаңа мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысты нормалар енгізілді.
Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндері барынша жетілдірілді.
«Терминдік және семантикалық бірізділік қамтамасыз етілді. Құқықтық нормалардың тұжырымдары анық және олардың мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылды. Бұл жерде заңгерлер мен лингвист мамандарынан құрылған жұмыс топтарының үлкен жұмысын ерекше атап өткім келеді. Пысықталған Конституцияның жобасы Комиссия мен оның жұмыс топтарының аясында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің қоғам жұртшылығымен кездесулерінде де оған оң баға берушілер көп», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Отырыс барысында сөз сөйлеген партия өкілдері жаңа Конституция жобасында өздері күнделікті қызметінде қорғап жүрген идеялар, мүдделер мен құндылықтардың көрініс тапқанын айтты. Олар жобаның жалпыхалықтық референдумға шығаруға дайын екенін жеткізді.
«Біздің Конституция жобамыз – бұл еркіндік, тәртіп, заңдылық және өзара жауапкершілік Конституциясы. Ауқымды әрі мұқият жұмыс жүргізілді. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы тарихи факт және саяси фактор ретінде жүзеге асты. Оны осы күйінде жалпыхалықтық референдумға шығару үшін Қазақстан Президентіне ұсынуға болады», – деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Конституция жобасы қоғамның өзекті сұраныстарына сай келетінін, азаматтардың талап-тілегі ескерілгенін айтты.
«Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Шымкент және өзге де өңірлерде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, елдің пікірі толық ескерілді. Кездесулерде барлық азаматтар бір ауыздан: «Бұл құжатты халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» деген пікірді жиі айтты. Сондықтан, Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынамын», – деп қорытындылады сөзін Серік Егізбаев.
«Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев те жобаны референдумға шығаруды ұсынды. Ол кәсіпкерлік құқығын қорғау, меншік нысандарының алуан түрлілігі мен кепілдіктерін сақтау, сондай-ақ банк және коммерциялық құпияны қорғау туралы ережелер инвестициялық ахуалды жақсартуға және жеке бизнестің дамуына оң әсер ететініне тоқталды.
Фракция жетекшісі партияның бір палаталы Парламентке көшу қажеттігі жөніндегі ұстанымын тағы да растады. Оның айтуынша, партия бұл модельді дәйекті түрде жақтап келеді және Конституция жобасы «Ақ жолдың» ұлттық бизнес пен отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бағытындағы көзқарастары мен қағидаттарына сәйкес келеді.
«Конституциялық комиссияда түрлі идеялар мен ұсыныстарды талқылауға ашықтық пен дайындық ахуалы қалыптасты. Комиссия мүшесі ретінде мен талқылаудың өте кәсіби, жауапты және терең деңгейін, соның ішінде отырыстардың тікелей көрсетілгенін атап өткім келеді. Әріптестеріміздің жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару жөніндегі ұсынысын қолдаймыз», – деді Азат Перуашев.
«Respublika» партиясының атынан сөз сөйлеген Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция жобасы қоғамның құндылық негіздерін бейнелейді, тарихи сабақтастықты сақтайды әрі жаңа сын-қатерлерді ескеретінін жеткізді.
«Ұсынылып отырған өзгерістер жүріп өткен жолмен сабақтастықты үзбейтінін ерекше атап өткен жөн. Керісінше, олар жүйені жаңғырта отырып, оның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретін институционалдық сабақтастықты қамтамасыз етеді. Жоба халықаралық беделі қалыптасқан әрі өзіндік субъективтілігі бар мемлекеттің кемелдігін көрсетеді. Ол дамудың нақты бағытын айқындап, институттарға деген сенім ресурсын күшейтеді. Жалпы алғанда, жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – институттарды жаңартуға арналған құрал. Біз мықты, әділетті әрі тұрақты Қазақстанның негізін қалаймыз», – деді Айдарбек Қожаназаров.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасында «Әділетті Қазақстан» қағидатын, еңбек ету құқығын және жоғары консультативтік орган – Халық кеңесін құру нормаларын бекітудің маңызын атап өтті.
«Жұмыс барысында «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты іс жүзінде көрініс тапты. Әртүрлі пікірлер мен көзқарастар, ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, пысықталып, елге ортақ жаңа Негізгі заң жобасында біріктірілді. Жаңа Конституцияның жобасы – өткен кезең мен бүгінгі басымдықтарды түсіне отырып, Қазақстанның болашақтағы жаңа бағдары туралы шешім қабылдаған халықтың бірлігі мен біртұтастығының белгісі деп айтуға болады. Осыны ескере отырып, жаңа Конституцияның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамыз», – деді Магеррам Магеррамов.
Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов та елдің Негізгі заңы жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды қолдады. Ол жаңа Конституция жобасы мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығын күшейтетінін атап өтті.
«Ұсынылған Негізгі заң жобасы азаматтардың негізгі үміт-тілектерін көрсетеді, әлеуметтік әділеттілік пен демократияның негізгі қағидаттарына сай келеді және жалпыхалықтық референдумға шығаруға дайын», – деді Асхат Рахымжанов.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев өз пікірін білдіріп, жаңа Ата Заң жобасы мемлекеттік дамудың мейілінше тұрақты және жауапты моделін құра отырып, қоғамдық сұранысқа жауап беретінін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы – бұл қоғамның нақты талап-тілегін көрсететін және Мемлекет басшысы айтқан басымдықтарға сәйкес келетін тексерілген және біртұтас құжат. Ол қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделеріне сүйене отырып, мемлекеттің адам құқықтары, экономика, қауіпсіздік және әлеуметтік сала үшін жауапкершілігінің түсінікті бағдарларын қалыптастырады. Ұсынылған жоба – пысықталған және теңдестірілген құжат және осы тұрғыда оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болады», – деді Сергей Пономарев.
Конституциялық Сот төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы Эльвира Әзімова Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша атқарылған жұмыстың алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия мүшелері мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ол құжатты республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды.
«Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ азаматтық қоғамда да референдум өткізуді қолдаушы ұстанымы байқалатынын атап өту қажет. Ол да көпшілік. Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның миссиясы өз мәресіне жеткен болып саналады. Жаңа Ата заң әділеттілік, тұрақтылық пен қоғам сенімінің мықты негізіне айналуға тиіс. Ол мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, еліміздің болашағы үшін бағытталған», – деді Эльвира Әзімова.