«Мұғалім мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті - бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасады. Нәтижесінде магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады.
Қазақстандық ұстаздардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. Соның жарқын дәлелі ретінде алматылық химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованың Global Teacher Prize байқауында әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енуін атап өтуге болады. Сондай-ақ, Президенттің қолдауымен 5 ұстазға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, 95 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды. Бұл жетістіктер отандық мектептердің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқындай түседі.
Министрлік алдағы уақытта жас мамандарды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру және кадрларды даярлаудың озық стандарттарын енгізуді жалғастырады. Педагогтердің құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және оларды өз құзыретіне жатпайтын жұмыстардан босату басты назарда қалады. Бұл кешенді шаралар – еліміздің зияткерлік капиталын нығайтуға және білім беру теңсіздігін, әсіресе ауылдық аймақтарда жоюға бағытталған стратегиялық қадамдар.