Жобаға тартылатын жеке инвестицияның жалпы көлемі 179,5 млрд теңгені құрайды. 

Аталған жоба халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы қазіргі бар демалыс алаңдарында 2030 жылға дейін жол бойындағы 250 сервис стансасын салуды көздейді. Оның ішінде алғашқы 50 нысан биыл салынып, пайдалануға беріледі. Жаңа стансалар санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды, сауда және қызмет көрсету пункттерін, электрлі көліктерге арналған қуаттау стансаларын, күн энергиясын өндіретін қондырғыларды қамтиды. Сонымен қатар жаңа стансалар іргелес аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген заманауи көпфункционалды кешендер ретінде салынады.

Жобаны жүзеге асыру халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандары желісін кеңейтуге, электромобильдер үшін заманауи инфрақұрылым құруға және көлік саласында экологиялық бағдарланған шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол бойындағы сервис стансаларының құрылысы жақын маңдағы өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгінде елімізде халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойында 1 428 сервис нысаны жұмыс істейді.