Біліктілікті танудың бүкіл жолы – орталықты аккредиттеуден бастап сертификат алуға дейін – цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін кәсіптік біліктілікті тануды қолжетімді етеді.
Big Data мен жасанды интеллект негізінде кадрларға қажеттілікті неғұрлым дәл болжауға көшеміз. Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың, салалар мен өңірлердің нақты сұранысын ескере отырып қалыптастырылады.
«Сондай-ақ адамның мансаптық траекториясын цифрлық сүйемелдеуді енгіземіз: мамандық таңдау мен оқудан бастап жұмысқа орналасуға және кәсіптік дамуға дейін. Осылайша, цифрландыру деректерді жәй ғана есепке алудан тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға өтуге тиіс», – деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында.
Инклюзивті еңбек нарығына ерекше назар аударылуда, мүгедектігі бар адамдар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, лайықты жұмыс тауып, өзінің кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай жасалмақ. Ол үшін кәсіп таңдау мен оқудан бастап жұмыс орнына шығуға және жұмыста орнығуға дейінгі бірыңғай сүйемелдеу жүйесі қалыптастырылады.