2024-2025 жылдары су саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 676,7 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы екі жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 79%-ға жоғары.
Тартылған инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу, Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу және басқа да ауқымды жобалар бар.
«Салаға тартылып жатқан қаражат, ең алдымен, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталады. Бұл ретте халық пен экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар және басқа да нысандар туралы сөз болып отыр. Түптеп келгенде, инвестициялар сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және су ресурстарын басқару тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беруге тиіс. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Ол заманауи технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды, кадрлық және ғылыми әлеуетті нығайтуды, сондай-ақ озық тәжірибе алмасуды да көздейді», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.