Күн жаңалықтары
13.01.2025
Жарияланымдар · 12
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитінің жұмысына қатысу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен келді
Қасым-Жомарт Тоқаевты Абу Даби әуежайынан БАӘ Вице-президенті шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды.
Президент ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заңға қол қойды
Қазақстанда 2025 жылы 23 балаларды сауықтыру орталығы салынады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында балаларды сауықтыруға арналған 50 орталық және одан бөлек 100 қосымша білім беру нысаны салынады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» ашылды
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласының 33-ші шағын ауданында №33 жалпы білім беретін мектеп ашылды. Жаңа мектеп заманауи 66 пән кабинетімен, оның ішінде STEM-зертханалар, қыш өнері, визуалды дизайн, хореография сияқты шығармашылық бағыттарға арналған кабинеттермен жабдықталған, деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігі.
Санитариялық авиация ауылдық жерлерге 1488 рет ұшты
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі кең ауқымды шараларды іске асыруда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде теңіздегі су көлемі 42%-ға ұлғайды
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданының тұрғындарымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады. Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезең қорытындысы бойынша теңіздегі су көлемі 42%-ға артып, 27 млрд текше метрді құрады. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жетті, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Қазақстанда математика, физика және информатика бойынша XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталады
13-17 қаңтар аралығында Астанада алғаш рет IZhO – 2025 математика, физика және информатика пәндерінен Республикалық физика-математика мектебі мен «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды
Бүгін қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 167 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Қазақстандықтар туу туралы куәлікті ХҚКО-ға бармай-ақ ала алады
Әділет министрлігі 2025 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы азаматтарға туу туралы куәлікті жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл ХҚКО-ға бармай-ақ туу туралы куәлік алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
2024 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 54 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады
2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 296 кәсіпорны 18,8 мың жұмыскерге 4,5 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 8,1 мың еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа спорт кешені салынады
Үкімет Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға 1,1 млрд теңге бөлді. Жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде іске асырылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады, деп хабарлайды Primeminister.kz.