Күн жаңалықтары
20.11.2026
Жарияланымдар · 9
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумына қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ауылды дамыту және тұтас елімізді өркендету ісінде аграрлық сала еңбеккерлерінің үлесі зор екенін атап өтті.
Қазақстанда мектепке дейінгі және кәсіптік білім беру инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр
Соңғы жеті жылда Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 мекемемен толықты. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам балабақша мен басқа да мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға 1 млн-нан астам бала барады. Желі жаңа нысандар салу, қолданыстағы мекемелерді реконструкциялау және олардың қуаттылығын арттыру, сондай-ақ шағын орталықтар ашу есебінен кеңейіп келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
Қазақстанда жаңа мектептердің құрылысы және қолданыстағы білім беру ұйымдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда
Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір республика бойынша 59,3 мыңнан астам оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 85-ін биылдың соңына дейін, қалған 16-сын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан мектептердің 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұны ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
«Келешек мектептері»: 217 жаңа мектеп Қазақстанның білім беру инфрақұрылымын өзгертті
Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Бұл мектептер желісін кеңейтуге, қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
«Таза Қазақстан»: Астанада жастар экологиялық мәдениетті әдебиет арқылы дәріптеді
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Экологиялық әдебиет: табиғат үні» атты эко-лекторий өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсат-міндеттерімен үндесіп, жастардың табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құрылыс және тағы да құрылыс»: Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасындағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға 1,2 млрд теңге бөлінді
Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылыс жұмыстарын аяқтауға Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен 1,2 млрд теңге қарастырылды. Жоба Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде жалпы ұзындығы 270 шақырымға жуық суару каналын автоматтандырды
2026 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы жалпы ұзындығы 267,6 шақырым болатын суару каналын автоматтандыру жұмыстарын аяқтады. Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 156,5 шақырымды құрайтын Сол жағалау айналма каналына, Фурманов айналма каналына және «Базарбай» каналына ультрадыбыстық су шығынын өлшегіштер мен радарлық су деңгейін өлшеуіштер орнатылды, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-шы орынға көтерілді
Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-ші орыннан 16-шы орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Екі жыл ішінде 8 сатыға жоғарылау БҰҰ баяндамасында көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірі ретінде аталды. Қазақстан осындай деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел болды. Бұл нәтиже Мемлекет басшысының Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың негізгі құралы ретінде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берудің тікелей нәтижесі, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Бүгін Дүниежүзілік балалар күні атап өтіледі
Жыл сайын 20 қарашада Дүниежүзілік балалар күні атап өтіледі. Бұл күн 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен балалардың әл-ауқатына, құқықтарын қорғауға қоғам назарын аудару мақсатында белгіленген. Дәл осы күні екі негізгі халықаралық құжат, 1959 жылы – Бала құқықтары декларациясы, ал 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.